21.06.2018, 11:47
Қараулар: 363
Дауды бейбіт жолмен шешу — ең тиімді шешім

Дауды бейбіт жолмен шешу — ең тиімді шешім

Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының төрағасы Ж.Асанов қоғамдағы татуластыру рәсімдерінің маңыздылығын түсіндіру мақсатында  оқырмандарға үндеу жариялады. Үндеуде даулар әрбір қоғамда, отбасында, ағайын-бауыр, достар, көршілер арасында да  кездесетінін, даулардың бәрін сотта шешу мүмкін еместігін және дауласқан тараптардың екеуінің  бірдей талабын қанағаттандыра алмайтынын көрсеткен.

Қазақстан Республикасының Азаматтық және Қылмыстық процестік Кодекстерінің  талаптарына сай, дауласушы екі  жақтың қалауымен, сот татуласу процесін бастау үшін істің қаралуын кез-келген сатыда тоқтата алады. Сотқа талап арыздар түскеннен кейін заң талабымен татуласып келісімге келу жағдайларын соттар тараптарға олардың процессуалдық құқықтарымен қатар  түсіндіреді. Соның әсерінен сотта қаралған істер медиация тәртібімен, бітім келісіммен  қысқартылғандары да баршылық, дегенмен   жеткілікті деңгейге жеткен жоқ.

Қазіргі кезде азаматтарға заңды түрде дауды сотқа жетізбей оған дейін де, сотта да татуласуы үшін жағдайлар жасауға шаралар алынуда.  Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге Республикалық кәсіподақтар федерациясы және  Сотсыз татуласу орталықтары құрылып, олардың өкілдері қатынасуларымен бірнеше шаралар алынған. Онда кәсіби медиаторлар және басқа да мамандар жұмыстануда.

Ата-бабаларымыз дауды бейбіт жолмен шешіп отырған. Дамыған елдерде де сондай  даулардың көпшілігі  сотқа бармай, дауласушы екі жақпен бір ортақ келісімге келіп даулы мәселелерін бітім келісіммен  аяқтайды екен.

Медиаторлардың міндеті тараптармен келіссөз жүргізу, екеуіне де қолайлы  шешім іздеу және ұсыну болып табылады. Татуласудың маңыздылығы оның  тек дауды реттеп қана қоймай, сонымен бірге қарым-қатынасты сақтап, қалпына келтіретіндігі. Сонымен бірге тараптар ерікті түрде  ортақ келісімге келгендіктен  сыбайлас  жемқорлыққа да жол берілмейді.

Азаматар сотта істі қарау үшін мемлекеттік баж төлеп, заңгерді жалдайды, оған қоса  жол шығыны, сол сияқты  істі қарау белгілі бір уақытты қажет етеді,  әрі  іс бойынша  қандай шешім қабылданатыны да белгісіз.   Сондықтан сотқа жүгінбес бұрын  ойланып, істі бітімгершілік арқылы шешудің тараптар үшін уақыт, қаражат және адамгершілік қарым-қатынасты сақтау тұрғысынан артықшылықтарын таразылап өзара келісімге  келуге шаралар алса, келісімнің нәтижесінде  екі жақта ұтатыны анық.

Б.Баймуханова,

Сырым аудандық сотының төрағасы