7.06.2018, 15:09
Қараулар: 368
 » 
Қособаға – клуб, Бұлдыртыға – таза су, ал Өлеңтіге – асфальт!

Қособаға – клуб, Бұлдыртыға – таза су, ал Өлеңтіге – асфальт!

Бүгін Сырым ауданына жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов келді. Сырым ауданының әкімі Төлеген  Төреғалиев өңір басшысына әуелі Шолақаңқаты ауылдық округіндегі Шолақаңқаты су қоймасын таныстырды.

Былтырғы жылы күрделі жөндеуден кейін іске қосылған Шолақаңқаты су қоймасы жергілікті шаруалар үшін жаңа игіліктерді белгілеп отыр. Мәселен, қойманың суы арқылы округтегі 850 га суармалы алқапты қалыпқа келтіруге мүмкіндік тууда. Көп ұзамай Тоғанас, Аңқаты ауылдарына техникалық су тарту мәселесі де шешілмек. Техникалық судың мал және бақша шаруашылығы үшін тиімді игілік екені тағы белгілі. Өңір басшысы өзінің сөзінде, мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың ирригациялық құрылыстарды қалпына келтіру туралы тапсырмасы осындай нақты нәтижелерге есептелгенін айтты.

Шолақаңқаты – аудандағы мал басын бордақылаумен айналысатын санаулы округтердің бірі. Бордақылау жұмыстары бұл округте тек шаруашылықтарда ғана емес, жеке аулаларда да жүзеге асып жатыр. Облыс әкімі бұл тәжірибе алдағы уақытта ауыл үшін дәстүрлі шаруашылыққа, былай айтқанда кәсіпке айналуы керек деді. Алтай Көлгінов шолақаңқатылық шаруалармен кездесуі барысында ауылшаруашылығының дамуына жасалған жайлы жағдайлар іскер азаматтардың ауылға тұрақтануына себеп болып жатқанын көріп, риза болды. Екі жылдан бері Сегізүй елді мекенінде балық өсірумен айналысып жатқан Асылбек Тасболатов сөзімізге дәлел бола алады.

Осы аптада Қособа ауылдық округінің орталығында құны 90, 896 млн теңгені құрайтын 200 орындық ауыл клубының құрылысы басталды. Қазір мердігер «ЛИДЕР» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ғимараттың іргетасын құюға кіріскен екен. Жұмыстармен танысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов қособалықтарды ауылдың басты мәселесінің оң шешілуімен құттықтады. Облыс әкімімен жүздескен ауылдың үлкен кісілері оған ауыл мәдениеті жасаған қолдауы үшін алғыс айтты. Қособалықтар енді ауылдан мемлекеттік бағдарламамен тұрғын үйлер салынса деген ұсыныс айтып жатыр.

Биыл аудан орталығының іргесіндегі Өлеңті ауылында да негізгі мәселенің бірі шешімін табайын деп тұр. Шілде айының ортасына дейін Өлеңті ауылының кіреберісіндегі 1 шақырым жолдың орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталады. Мердігер «АнушҚұрылыс» серіктестігі директорының орынбасары Оганес Минасян облыс әкімі Алтай Көлгіновке осылай деді.

Маусым айында Сырым ауданындағы Бұлдырты ауылдық округінде де жаңа су желісінің құрылысы басталды. Мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобаның қазіргі құны 324 млн теңгені құрайды.

Нысанның басында құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Жұмыстар туралы облыс әкіміне баяндаған жобаның орындалуына жауапты мердігер «Жиенбай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Александр Қарағойшиннің айтуынша, бүгінгі күні су нүктелеріне электр желісі тартылып, тиісті 31, 346 шақырым су құбырының 4 шақырымы салыныпты. Ерекше атап кететін жайт, жаңа су желісінің құрылысына тек Батыс Қазақстандағы зауыттардың өнімдері ғана қолданылып жатыр.

Жаңа су желісінің құрылысы арқылы Бұлдырты ауылдық округіндегі 2500 тұрғын орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылатын болады. Өңір басшысы өзінің сөзінде, биыл БҚО бойынша 50 елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылады деп айтып өтті.

Сырым ауданындағы жұмыс сапары барысында Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов жергілікті билік пен мердігерлерге жасалып жатқан құрылыс жұмыстарын сапалы атқарылуын, мүмкіндігінше жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуын қатаң тапсырды.

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы