7.06.2018, 15:06
Қараулар: 402
НАЗАРБАЕВ МЕКТЕБІ МЕН «БАЛАПАН» АРНАСЫ – ЖЫМПИТЫДА!

НАЗАРБАЕВ МЕКТЕБІ МЕН «БАЛАПАН» АРНАСЫ – ЖЫМПИТЫДА!

Жақында Сырым ауданының орталығы Жымпитыға Орал қаласындағы физика – математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары мен олардың ата–аналары келді. Олар түске дейін ХІХ ғасырдың аяғында салынған мешіт ғимаратында, кезінде Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесінің кеңсесі болған қазіргі Алаш мұражайында, С.Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейінде және Алаш саябағы мен Қазақстанның халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлидің ескерткішінде болды. Меймандарды Сырым ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов бастап жүрді.

Зияткерлік мектептің оқушыларын ауылға шақырып, Жымпитыдағы тарихи орындармен таныстыруға және ауыл шаруаларының жұмыс күні мен тұрмысын көрсетуге ұсыныс білдірген «Жібек жолы» шаруа қожалығының жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Ғанимат Нұрмұханов екен.

– Қалалардың, соның ішінде нақты білім жолына түскен балалардың ауылмен байланысы әлсіреп барады. Бұл ұсыныс сол себепті туындады. Қазақтың баласы қазақ ауылындағы тұрмыс-тіршілікті, шаруалардың тынысын көзімен көріп, сезіне алуы керек. Олай етпей, ұлттық тәрбие болмайды.  Менің ойымша, ұлттық тәрбие туралы оқыту аз, оны көрсету керек. Бір күн болса да, балаларға ауылды, ауылдағы жанұяларды, атакәсібіміз – мал шаруашылығын көрсетіп жатқаным сосын ғой, – дейді бұл туралы депутат мырзаның өзі.

Жымпитыдағы жартыкүндік сапардан оқушылар да, олардың ата-аналары да жақсы әсер алды. Назарбаев зияткерлік мектебінің өкілі, куратор Гүлнар Сержанованың айтуынша, бұл танымдық сапар мектептің өз ішіндегі педагогтар мен оқушылардың және ата-аналардың арасындағы байланысты нығайтуға арналған «Біз бір отбасымыз!» атты бағдарламаның мақсаттарымен де үйлесетін көрінеді.

Оқушылар түстен кейін Жымпитының іргесіндегі «Жібек жолы» шаруа қожалығының басында болып, еңбекшілердің еңбек тынысымен танысты. «Жібек жолы» шаруа қожалығы –  өңірдегі асыл тұқымды ірі қара мал өндірісімен айналысатын шаруашылықтардың бірі. Шаруашылық биыл аудандағы 2 қожалыққа асыл тұқымды мал сатты. «Жібек жолында» шаруашылықтан бөлек, идеология мәселесі, әсіресе ұрпақ тәрбиесі жақсы жолға қойылған. Былтыр осы жерде жұмыс жасайтын жанұялардың таңдалған 7 бала қожалықтың атынан Астана қаласындағы «EХРО–2017» мамандандырылған көрмесіне барып келді.

Сонымен қатар, осы күні Жымпитыға «QAZAQSTAN» РТРК мен «БАЛАПАН» телеарнасының бірлескен жобасы, «Жұмбақ жер» атты реалити шоуының түсірілім тобы келді. Жобаның атқарушы продюсері, журналист Азамат Кеңесұлы «Қазақстанның киелі жерлері» тізіміне енген Жымпиты ауылына арнайы келдік дейді.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар