7.06.2018, 12:13
Қараулар: 348
 » 
Ауыл тазалығына мән берілуде

Ауыл тазалығына мән берілуде

Күре жолдың бойында орын тепкен, табиғаты сұлу ауданның тазалығын сақтау үшін ауыл тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Өйткені аудан арқылы қаншама ел және шетел азаматтары жол жүреді. Сондықтан ауданның көркін сақтап, ел тамсанатын, таңқалатын өңірге айналуымыз қажет. Осыған орай ауданда бүгінде барлық елді-мекендерде тазалық жұмыстары жүруде.

Аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметі, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық Қоғамдық кеңес мүшелері, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, ауылдық округ әкімі аппаратының мамандары болып  аудан орталығының іші, Өлеңті өзені жағалауының, ауыл ішіндегі су каналдары орындарының тазалығын сақтау жөнінде алдын алу шаралары жүргізілді.  Рейдтік шараның мақсаты тазалық сақтау жөнінде алдын алу, түсіндірме жұмыстарын жүргізу, тұрғындардың елді мекендердің аумақтарын абаттандыру Қағидаларын сақтауды қамтамасыз ету болатын.

Шара кезінде 27 үйге тазалық сақтау жөнінде ескертпе  қағаздары таратылды. Тұрғын үйлерінің іргелес аумақтарына тұрмыстық қалдықтар мен өздерінің қосалқы шаруашылықтарының нәтижесінде пайда болған қалдықтарды арнайы мекемелермен келісіп, полигонға апарып төгу жөнінде ескертіліп, ұсыныс берілді.

Сондай-ақ шара барысында 14 адамға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 505 бабына сай (қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін) 14 адамға хаттама толтырылып, әкімшілік жаза қолданылды.

Шарадан кейін ауыл тұрғындары «Сырым» МКК,  басқа мекемелермен және жеке адамдардың көлік құралдарымен  қоқыстарды тиеп шығаруда.  Сонымен қатар полиция қызметкерлері Жымпиты ауылындағы үйлерді аралап, неғұрлым қатаң шара қолдану жөнінде жұмыстар жүргізілуде.

Ауылына қарап азаматын таны. Сондықтан көкірегі ояу, көзі ашық адамдар көктемнің алғашқы күнінен бастап үйінің айналасын, өзі тұрып жатқан көше бойын тазалап, елді-мекеннің санитарлық тазалығына әрқашан бас-көз болып жүруі абзал. Ауыл тазалығы баршаға ортақ, сондықтан әр тұрғын осыны қаперіне алып, айналасын таза ұстаса, ауыл ажарына көрік қосылып, жайнай түсетіні анық. Сондықтан барша тұрғындарды тазалық айлығына атсалысуға шақырамыз.

С.ТОҚМАМБЕТОВ,

№2 Қарасу сайлау округі бойынша  аудандық  мәслихат  депутаты