17.05.2018, 11:51
Қараулар: 414
Мектепке спорт зал, бөгетке қақпа керек!

Мектепке спорт зал, бөгетке қақпа керек!

Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Сарой ауылдық округінде жұмыс сапарымен болды. Ол әуелі округтің әкімі Айбол Жакиев және аудандық білім беру бөлімінің басшысы Зәмзәгүл Ерғазиевамен бірге Көздіғара ауылында болып, ауыл мектебінің ахуалымен танысты.

Көздіғара негізгі мектебінде бүгінгі күні 39 оқушы білім алады. Оқушылардың сапалы білім мен саналы тәрбиесі үшін 17 педагог еңбек етіп жатыр.  Мектеп спорттық залға зәру екен. Мектеп директоры Гүлмира Еркетілеуованың айтқан спорттық залдың есебіндегі бөлмені гимнастика залына үйлестіріп, жабдықтау жөніндегі мәселесін аудан әкімі қолдады. Осы сияқты мектеп асханасын кәріз жүйесіне қосу, мектеп кітапханасын көркем әдебиетпен толықтыру, информатика кабинетінің материалдық базасын күшейту мәселелері де назарға алынды.

Көздіғара ауылының шетінде Тойғұлы деген ескі бөгет бар. Бөгетке кеңестік кезеңде шүмек салынған екен. бүгінгі күні сол жабдық бұзылып, сәйкесінде суармалы алқаптарға су шығару жүйесі де бұзылған. Ауыл тұрғыны Орақ Халиуллиннің айтуынша, бұл бөгет істе тұрған кезінде шаруалар суармалы шабындықтардан жылына 42 000 центнер шөп дайындап тұрған. Көздіғаралықтар бөгетке жаңа су қақпасы қондырылса, суармалы алқаптардың өнімділігі қалпына келеді әрі ауыл айналасында шаруашылық жүргізуге қолайлы жағдай болады деп отыр. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев бөгеттің басында болып, ахуалымен танысып, округ әкімі Айбол Жакиевке нысанды зерделеу жөнінде тапсырма берді.

Қазіргі таңда Сырым ауданы бойынша 12 мектеп kundelik.kz электронды қолданбасына ауысты. Оқу барысын автоматтандыру мен осындай онлайн білім құралын қолдануда Абай орта мектебі аудандағы әріптестерінің алдында тұр. Аудан басшысы жұмыс сапары кезінде бұл мектепте де болып, педагогтармен кездесті.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар