12.04.2018, 15:53
Қараулар: 350
Жақсылықтан жаралған жан

Жақсылықтан жаралған жан

1995 жылдың қыркүйек айы. Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің 5 сыныбына қабылдандым.   Мектеп үш қабатты ғимаратта орналасқан. Ауылдан шағын мектепте оқып келгесін бе екен, мынадай алып ғимараттың ішінде өзімді адасатындай сезіндім. Өзге орта болғанымен оқушылармен тез тіл табысып кеттім. Осылайша сабақ басталып, уақыт өтіп жатты.   Бір күні спорт залға бара жатып, жалпақ есікті кабинетке көзім түсті. Есігін аша беріп, ішіне басымды сұқтым. Кабинетте ешкім көрінбейді, терезеде жерге дейін салпылдаған қара жапқыш, жарда бос орын жоқ. Толған көрнекілік. Тақта алдындағы орналасқан үстелдің үстінде толған приборлар. Аң-таң болып, қарап тұрған сәтім сол еді, кабинет ішіндегі зертханасының есігі ашылып, ішінен көзілдірік киген, ақ шашты, қыр мұрынды, жуан денелі кісі шыға келді. «шық, жап есікті»-деп айтқызбастан кабинеттен сытылып шықтым. 10 секундттай ғана көрген кабинетім маған қатты әсер қалдырды. Кейін оның физика кабинеті екенін білдім. Физика сабағын оқу үшін әлі екі жыл бар екен. Қашан жетінші сыныпқа жетеміз деп екі жыл асығумен болдым. Спорт залға барған сайын, тамсана қарап кететінмін. Мектепте одан асқан кабинет жоқ, құдды бір музей секілді көрінетін. Сөйтіп жетінші сыныпқа да келдік. Армандаған физика кабинетіне кірдік. Сабақ басталды. Екі жыл бұрын көріп, орыс деп жүрген мұғалім тура біздің сыныпқа сабақ берді. Ол – Федянин Ким Николайұлы екен. Ғажап адам. Бізге дейін ылғи орысша сыныптарға сабақ беріп келген. Бізге сабақты қазақша жүргізді. Алғашқы сабағынан бастап, «біздің өміріміздің бәрі физикамен, математикамен тығыз байланысты, тіршілік құбылыстарын бір-бірінен бөліп зерттеуге болмайды. Айналып келіп, физикаға тірелеміз…»-деген сөзі физиканы құлшыныспен оқуға жетеледі. Әр сабақты ерекше түсіндіретін еді. Әу бастан, механика тарауын, оның бөлімдерін, ондағы ұғымдарды: траектория, үдеу, жиілік амплитуда, масса, күш, инерция, үйкеліс, дене импульсы, жылдамдықтардың заңдылықтарын бәрін-бәрін асықпай, мысалдармен айтып, приборлармен көрсетіп, санаға ұғындырды. Әр сабағын ерекше ықыласпен тоқитын едік. Сынып жетекшіміз Зәуреш Насуқызы өзі математик болғасын ба екен, оның үстіне Ким Федяниндей терең, білімді ұстаз сабақ бергесін біздің сынып есеп шығарудан бәрінен алда болды. Мектепшілік, аудандық олимпиадаларға біздің сыныптан бірі тарих, бірі әдебиет, бірі география, бірі орыс тілінен қатысқанның өзінде, 4-5 оқушы есеп шығарудан алдына жан салмай, физика-математика олимпиадаларына қатысуға әзір жүретін.

Біздің сынып ағайды өте жақсы көрді. Ағайымыз да біздің сыныпты ерекше сүйді. Өйткені, ол кісінің сабағын өзі сияқты терең түсінетін шәкірттер іріктеле бастады. Мектеп бітірген соң сыныбымызда жақсы оқығандар грантқа түсті. Жан-жаққа кеттік. Нұрхат Жакиев, Балсұлу Жангирова физика, информатика факультетін бітіріп, кейін жоғары оқу орнында сабақ берді. Ал, Жакиев Нұрхат болса, ағайдың берген білімі мен өзінің ізденісінің арқасында физикадан магистрлік, докторлық диссертациясын қорғап, Ресей, Англия, Польша, Грекия, Бельгия мемлекеттерінде тағылымдамадан өтіп, бүгінде Назарбаев Университетінің Астана ұлттық зертханасында ғылыммен айналысуда.

Кез-келген адам, менің ойымша, педагог бола алмайды. Бұған кәсіби білімнен басқа ерекше қасиеттер керек. Ерекше түйсік, аңғарғыштық қажет.  Философияда қағида бар: «Абстракты ақиқат жоқ, ақиқат әрқашанда нақты» деген. Әңгіме білімді пайдалана білуде. Өз шәкіртіне алған білімін іске асыруға үйрету керек. Сонда ғана берген білімнің пайдасы болады.

Бүгінде 80 жасқа толып отырған еңбек ардагері, сүйікті ұстазымыз Ким Николайұлы осындай жақсылықтан жаралған жан.

Ерболат ИСАНОВ,

ЖББ Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің 2001

жылғы түлегі

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар