12.04.2018, 15:52
Қараулар: 168
Латын әліпбиі – Тәуелсіздіктің таңдауы

Латын әліпбиі – Тәуелсіздіктің таңдауы

Тәуелсіздік қазақ руханиятының дамуына, жаңа таңдауларды жасап, жаңа үдерістерді қабылдауына жақсы мүмкіндіктер туғызды. Қай үдеріс те замани ахуалмен есептескен түрде жүзеге асады. Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі – әлемдік жағдайдағы ұлттық мәртебемізді айқындаудың ірі қадамы ретінде бағалануда. Бұл қадам тек Тәуелсіздік арқылы ғана мүмкін болып отыр. Кешегі аптада БҚО тілдерді дамыту басқармасының маманы Галиеваның Сырым ауданының педагогтарымен болған кездесуінде осындай ой айтылды.

Латын әліпбиінің қазақ тіліне ұсынып тұрған ең тиімді мүмкіндігі – ана тілдің қолданылу аясының кеңеюі. Нақтырақ айтқанда, әлемге түсінікті болуы. Елбасы Н. Назарбаев әліпби ауыстыру мәселесін, ұлт болып шешуге тиісті принципті мәселе деп атап көрсетті. Облыстық тілдерді басқармасының өкілінің айтуынша, жаңа әліпбиге көшуге қатысты жұмыстардың алғашқы толқыны атқарылыпты. Бүгінгі күні қазақстандық қоғам латын графикасының тек тиімді тұстарын ғана айтуда. Әрине, керітартпа пікірлер де жоқ емес. Ондай пікірлер көбіне тіл жанашырларының тарапынан айтылып жатыр. Олардың пікірін керітартпа деуге де болмайды. Ұлт руханиятының жанашырлары, әліпби ауыстыру — ұлттың бірлігіне нұқсан келтірмесе екен деп алаңдайды.  Бұл әліпби реформасы тараптар пікірлері ескерілген түрде үкімет кабинетінде бекітілген Қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің 2025 жылға дейін кезең–кезеңімен көшіру бойынша іс–шаралар жоспары негізінде іске асады.

Осы мәселеге қатысты сырымдық педагогтар да ұсыныс–пікірлерін білдірді. Абай орта мектебінің директоры Тұрсын Төреғалиева жаңа әліпбиді ең әуелі мектеп мұғалімдері жетік меңгеруі керек, тіпті арнайы курстардан өтуі керек деп есептейді. Ж. Досмұхамедов атындағы мектептің мұғалімі Алмажай Сүлейменова оқушыларға жаңа әліпбидің тиімділігін түсіндіру үшін авторлық әдістемелік жұмыс жасақтаған екен. Ол әріптестеріне өзінің тәжірибесін қолдануды ұсынды. М.Қаналиев атындағы орта мектептің мұғалімі Алмаз Жакипов оқулықтардың мәтінінде, жалпы жүйесінде айырмашылықтар бар екенін айтады. Мемлекет білім беру саласындағы осы мәселеден бастап жауапты қарауы керек! – жас педагог.

Кездесуді Сырым аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Салауат Нұрпейісов қорытындылады.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар