29.03.2018, 14:33
Қараулар: 393
Наурыз – құт, наурыз – береке

Наурыз – құт, наурыз – береке

Наурыз тойы дегеніміз –күртенің сыртынан шапан киген адамдардың әкімдіктің алдына тігілген киіз үйдің ішіндегі сап-салқын көжеден ауыз тиіп, үйге тарқап кетуі емес. Бірақ, осы үрдісті жылма-жыл қайталаудан жалықпайтындар бар. Сырым ауданы өзінің өңірінде жаңағы «ережені» бұзып, кейінгі уақытта Наурыз тойын тойлауды жаңа деңгейге, жаңаша түрге ауыстырды. Себебі бұл аудан Наурыз тойын біреудің тапсырмасы деп емес, ең әуелі қазақтың ұлттық мейрамы деп түсінеді. Жымпитының өзі қазір көше-көше болып той бастап, үй тігіп, қазан көтеріп, жігіт сайыстырып, ат жарыстырып жатыр.

Соңғы жылдары Сырым ауданында дәстүрлі сипатқа ие болған игі шараның бірі – аудан әкімінің балаларға арналған Наурыз тойы өтті. Ауданның балаларын Ұлыстың ұлы мейрамы Наурыз мерекесімен Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев құттықтады.

– Қазақ халқы Наурыз тойын амандықтың, бірліктің тойы деп санаған. Біздің ел Наурыз бен жақсылықты егіз деп түсінеді. Жаңа наурыз, жаңа жыл тек жақсылығын алып келсін! Балаларға жарқын болашақ тілеймін! – деді аудан әкімі.

Аудан басшысының балалар үшін той жасауының астарында төл мейрамға деген құрмет, ұлттық тәрбиені ұрпақтардың бойына сіңіру деген асқақ мақсат жатыр. Әкімнің Наурыз тойы – қазақтың тәрбиесі шыршаны айналып жүруден емес, киіз үйдің ішіндегі дастарханды айналып отырудан басталатын айтқысы келетін шара.

Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы Зәмзәгүл Ерғазиеваның айтуынша, аудан әкімінің Наурыз тойына ауданның 100 оқушысы қатысқан. Олардың ішінде оқуда озат, өнерлі, әлеуметтік жағдайы әлжуаз жанұядан шыққан балалар және ерекше жағдайда білім алатын оқушылар бар. Балалардың барлығына ұлттық дәмнен дархан дастархан жайылып, тәтті толы қоржын мен спорттық киім сыйға берілді.

Сырым ауданы әкімінің балаларға арналған Наурыз тойының ұлттық нақышын аудандық балалар шығармашылығы орталығының «Наурыз думан» атты үлкен мерекелік бағдарламасы келтірді. Балалар Қызыр баба, Алдар көсе сияқты қазақ ертегілерінің кейіпкерлерін көрді, ұлттық ойындарға қатысты. Бағдарлама барысында «Ақниет» әжелер ансамблі, аудандық балалар саз мектебінің оқушылары өнер көрсетті.

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

*      *      *

Ұлыстың ұлы күні — өкпе-реніштер ескі жылда қалып, сыйластық салтанат құратын күн. Ақ шаңқан киіз үйлер, ұлттық нақышта киінген ақ жаулықты аналар мен қариялар, күннің суықтығына қарамастан көтеріңкі көңіл күйде жүрген, бір-бірімен құшақтаса көріскен ауыл тұрғындары… Мұның бәрі аудан орталығындағы Наурыз тойының көріністері.

Орталық алаңның салтанатты сахнасынан аудан тұрғындарын Наурыз мерекесімен Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев құттықтады.  Наурыз тойы биылғы жылы ауданымызда бұрынғыға қарағанда  өзгерек ұйымдастырылып жатқанын атап өтуіміз керек. Наурыз басталысымен-ақ, мекемелер арасында мекемелерді безендіру немесе Наурыз бұрышын жабдықтау бағытында сайыс ұйымдастырылған болатын. Қорытындысына көз жүгіртсек, белсенділіктері үшін аудандық М.Еслямғалиев атындағы орталықтандырылған және балалар кітапханасы ұжымы, жүлделі 3 орынды Ж.Досмұхамедов атындағы мектеп және “Нұр Отан” партиясының аудандық филиалы, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы және жеке кәсіпкер А.Валиева, жүлделі 2 орынды Қ.Мырзалиев орта мектебі ұжымы, жүлделі 1 орынды аудандық педагогикалық психологиялық түзеу кабинеті ұжымы иемденді. Тағы бір ерекше атап өтерлік жағдай, киіз үйлер тігіліп, әрбір киіз үйде айтыс өнері, тұсау кесу, жарапазан айту сынды ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлеріміз көрсетілді. Мерекеге орай жеке кәсіпкерлер Қ.Жаужиев, Т.Мурадимова А.Жаужиева, Г.Нугманова, Г.Тажаякова, А.Ихсанова аз қамтылған отбасыларға тегін азық-түлік алуға сертификаттарын, Б.Тахамбетов екі отбасыға Орал-Жымпиты бағытына тегін қатынау сертификаттарын табыстады. Сонымен қатар шара барысында қой көтеру, гір тасын көтеру, арқан тартыс және қол күресінен сайыс ұйымдастырылып, жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Мархат Гумарова

Жымпиты ауылы

*      *      *

Ақ шаңқан киіз үй тігіліп, қариялар батасын беріп, арнайы шақырылған қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татты. Айта кетерлік тағы бір қуантарлық жағдай — ат баптау, тай жарыстыру сынды төл өнерлерімізді насихаттау аса белсенділікпен ұйымдастырылуда.

Бұл сөзімізге аудан орталығындағы Қарасу тұрғындарының ұйымдастыруымен өткен тай жарысы, асау үйретуден өткен жарыстар дәлел. Ұйымдастырылған сайыстар нәтижесі бойынша: тай жарысынан жүлделі 1 орынды Е.Жубатов — тұлпары “Нұрқасқа”, жүлделі 2 орынды Н.Измуханов — тұлпары “Сұңқар”, жүлделі 3 орынды Е.Самигуллин — тұлпары “Жұлдыз”, аударыспақ бойынша жүлделі 1 орынды Н.Кенжебаев, 2 орынды Д.Ибрагимов, 3 орынды А.Кенжебаев, арқан тартыс бойынша жүлделі 1 орынды Өлеңті ауылының командасы, 2 орынды Жымпиты ауылының командасы, 3 орынды Бейбітшілік көшесінің командасы иеленді, ал қой көтеру бойынша Қайыржанов Төлебиге тең келер қарсылас болмады. Ұлттық шараға “Мади”, “Сапар”, ”Қамыстыкөл” шаруа қожалықтары демеушілік көрсетті.

Мархат Гумарова,

Жымпиты ауылы

*      *      *

Өлеңті ауылында «Ұлы күні Ұлыстың, басы болсын ырыстың!» атты көпбағдарламалы Наурыз тойы өтті. Өлеңтіліктерді Наурыз мерекесімен Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев құттықтады. Ауыл ақсақалы Сайлау Какимов елге бата берді.

Ауыл тойының сахнасы Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектеп-балабақша кешенінің ұстаздары мен оқушылары дайындаған «Армысың, әз Наурыз!» атты театрландырылған көрініспен ашылды. Мерекелік концертте Тілек Құсайынов, Қасым Бисенғалиев, Бекей Қанатов, Нұртілеу Болат, Нұрсұлтан Қалешов сияқты ауыл өнерпаздары, сонымен бірге мектеп оқушылары Исатай Қанат, Әмина Мералы, Надежда Ермекбаева, Тимур Құрматов, Інжу Жиһанша, Айару Әлтен және «Жұлдыз» тобы өнер көрсетті.

Осы күні Өлеңті ауылында тұңғыш рет Наурыз айтыс өтті. Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы термешілердің Халықаралық Одағының мүшесі, айтыскер ақын Айнабек Бисенғалиев пен қазақ эстрадасындағы танымал әндердің авторы, сазгер, ақын Орынбек Меңдіқұлдың айтысы шараның мәдени тартымдылығын арттырып, тойдың тынысына тыныс қосты.

«Қайсар» спорт клубының әдіскері Арман Төлеуов кір тасын көтеру, бөрене үстіндегі жекпе-жек, арқан тарту сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізді. Кір тасын көтеруден Жарас Ақмәди жеңімпаз атанды. Осы жарыстардың қатарында ауыл жастарының тіккен бәйгесі үшін аударыспақтан, асық ату мен қой көтеруден сайыстар өтті. Аударыспақтан Төлеби Қайыржанов, ал арқан тартудан 1991 жылы туылған құрдастар асық атудан Қайырбек Әлихан қарсыластарынан мықты болып танылса, қойды 66 мәрте көтерген Асылбек Давлеев жарыстың жүлдесі – қойды ұтып алды. Спорттық жарыстар жүріп жатқан уақытта ауылдың үлкендері белсенді азаматтардың демеушілігімен, жергілікті мектептің қолдауымен жайылған Наурыз дастарханына құрметті қонақ болды.

Тұрғындар мен ауыл қонақтары үшін арнайы киіз үй тігіліп, дәм берілді. Өлеңтідегі Наурыз тойы түс ауа шақ аяқталды.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар