29.03.2018, 14:21
Қараулар: 443
Әжелер түсті сайысқа

Әжелер түсті сайысқа

«Балдырған» балабақшасының «Қарлығаш» ортаңғы тобында «Әжелер отбасының – асыл көзі» атты әжелер сайысы өткізілді.

Сайыстың мақсаты  балаларға халқымыздың ізгі қасиеттері имандылық, инабаттылық, іскерлік негізінде тәрбиелеп, әже өнегесінен үлгі алуға, тәрбиелік мәні бар салтты бойына сіңіруге үйрету. Мерекелік сайысты өлең шумақтарымен тәрбиешілер С.Зияхметова, А.Ерғалиева  ашып, әжелерді Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесімен құттықтады.  Сайыс «Наурыз тойы» өлеңімен ашылып, қатысушы әжелер өнерлерін ортаға салды.

Сайыста «Жүздің көзін танығанша, бірдің атын біл» бөлімінде әжелер өздерін таныстырып өтсе,

«Шебердің қолы алтын» бөлімінде үй тапсырмаларын орындады.

«Өнерлі өрге жүзеді» бөлімінде ақ жаулықты әжелер өз өнерлерімен тәнті етіп, сайыстың шырайын ашса, «Ас – адамның арқауы» бөлімінде ұлттық тағамдардан дәм татқызды.

Балалар да ертеңгілікке ат салысып, әжелеріне арнап өлең, би, тақпақтарын айтса,  топ тәрбиеленушілері Кендебай Айлин мен Бауыржан Талғар қазақтың айтыс өнерін көрсетті.

Сонымен қатар, мың бұралған биші қыздарымыз «Домбыра» биін билесе, қазақтың ұлттық ойыны «Қыз қуу» ойыны  ойналды.

Балабақша меңгерушісі Ғалия Балпысова  құттықтау сөз сөйлеп, сайысты қорытындылады.

Сайыс қорытындысы бойынша Қалмурзиева Күләш әжеміз «Іскер әже», Сейткалиева Гүлжиян әже «Ақылман  әже», Мырзаболатова Орынша әже «Мейірбан әже», Лукманова Жамиля әже «Өнерлі әже» дипломдарымен марапатталып, сыйлықтар табыс етілді.

Сайыс «Наурыз біздің Жаңа жыл» өлеңімен аяқталды. Әжелерге ризашылығымызды білдіріп, өз бойындағы ұлттық қасиеттерін балаларының бойына дарыта берсін демекпіз.

С.Зияхметова,

«Балдырған» МКҚК балабақшасының

«Қарлығаш» ортаңғы тобының  жоғары  санаты  тәрбиешісі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар