20.03.2018, 11:19
Қараулар: 397
Тіркелген шегерім пайдаланатын арнаулы салық режимі

Тіркелген шегерім пайдаланатын арнаулы салық режимі

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын бизнес субъектілері үшін жаңа тіркелген шегерім  пайдаланатын арнаулы салық режимі енгізілді.

Қазақстан Республикасының салық кодексінің 683 бабының 2-тармағына сәйкес тіркелген шегерім пайдаланатын арнаулы салық режимін пайдалану үшін мынадай талаптарға сәйкес келу қажет: салықтық кезеңдегі жұмыскерлердің орташа тізімдік саны 50 адамнан аспайтын, салықтық кезеңдегі кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарынан қолданыста болатын ең төмен жалақының 12 260 еселенген мөлшерінен аспайтын, (2018 жыл 346 761 840 теңге).

Тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық  режимін қолдану туралы хабарламаны салық төлеушілер тұрған жеріндегі салық органына қағаз жеткізгіште  немесе электрондық нысанда, оның ішінде «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы ұсынады.

Тіркелген шегерім пайдаланылатын АСР қолданатын салық төлеуші үшін салық салу объектісі салық кодексінің 691-бабы 4-тармағында көзделген түзетулерді есепке алғандағы кіріс пен шегерімдер арасындағы айырма ретінде айқындалатын салық салынатын кіріс болып табылады.

Заңды тұлғаның немесе дара кәсіпкердің кірісі осы тұлғалардың Қазақстан Республикасында және оның шегінен тыс жерлерде салықтық кезең ішінде алынуға жататын (алынған) кірістерінен тұрады.

Шегеріске жататын шығындардың түрлері салық кодексінің 692 бабында көрсетілген.

Тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші салық салынатын кірісті айқындау кезінде шегерімге жатқызылатын шығыстар сомасына салық кодексінің 691-бабының 4-тармағында көзделген түзетулерді ескеріле отырып, кіріс сомасының 70 пайызынан аспауға тиіс.

Заңды тұлғалар үшін корпоративтік табыс салығының ставкасы 20 пайызды, ал дара кәсіпкерлер үшін жеке табыс салығының ставкасы 10 пайызды құрайды.

Тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілерге арналған декларация салық төлеушінің тұрған жеріндегі салық органына есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірілмейтін мерзімде тапсырылады.

Декларацияда көрсетілген салықтарды бюджетке төлеу декларацияны тапсыру мерзімінен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмейтін мерзімде салықтық кезеңнің қорытындысы бойынша жүргізіледі.

Төлем кезінен ұсталатын жеке табыс салығы мен әлеуметтік аударымдарды (МЗЖ, әлеуметтік аударымдар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары) төлеу ай сайын, 200.00 нысанды салық есептілігі тоқсан сайын тапсыру жолымен жүргізіледі.

Ж.Зимуканова,

Сырым ауданы бойынша МКБ бас маманы