15.03.2018, 17:14
Қараулар: 431
Басты мәселелер қамтылды

Басты мәселелер қамтылды

Сырым аудандық қоғамдық келісім кеңесінің баспасөз мәслихатына аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мейрам Қайырғалиев, «Сырым» газ шаруашылығының директоры  Қайырболат Оспанов, сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы Өркен Бектенов,  «Сырым» МКК директоры Руслан Тасқалиев, қоғамдық ұйымдар, тілшілер, көше комитеттері, ардагерлер кеңесі мен жастар қатысып, аудандық мәслихат хатшысы, қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Шынар Дүйсенғалиева жүргізіп отырды.

Баспасөз мәслихаты барысында сала басшылары өткен жылдың қорытындысы және биылға жоспарланған жұмыстар туралы баяндады. Аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мейрам Қайырғалиевтың мәлімдеуінше, аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 2017 жылы 321 адам тіркеуде тұрды. 2018 жылдың басында түгендеу жүргізіліп, 1 наурызға үй кезегінде тұрғандар саны 245 адам болды. Ауылдың санитарлық тазалығын сақтау үшін 150 контейнер қойылады, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға жан басына 50 теңгеден белгіленді. Өлеңті өзенінің арғы бетіндегі Күсепқалиев көшесі мен Жетікөл ауылдық округінің Жетікөл елді мекенінен 1 км әрі орналасқан Бұлдырты көшесіне газ әкелу үшін биыл жобалық-сметалық құжаттары аяқталатын болады. Аудан орталығында жаяусоқпақтар салу жұмыстары қаржыға қарай жалғасады. Су тасқынының алдын алу мақсатында су жүретін жолдарды, сақиналарды тазарту да қолға алынған. Ауыл ішінде малдан қалған шөпті жағу белең алып, оның бықсып, түтіндеуі тұрғындардың наразылығын тудырып жатыр. Мұндай жағдай орын алса, аудандық ішкі істер бөлімі араласатын болады. Қолғанатов көшесіндегі жатақханаға техникалық тексеріс жүргізіліп, ғимараттың құрылысы адам тұруға сай келе ме, келмей ме, анықталу үстінде. Өлеңті ауылындағы жатақханаға комендант мәселесі шешуді қажет етіп тұр.  Аудан орталығы ішіне жолаушы тасымалдау үшін шығарылған «Газель» автокөлігінің жолақысы 60 теңгеден белгіленді. Алайда, қоғамдық көлікке тұрғындардың мінуі аз болғандықтан, көлік иесінің шығынын ақтамай отыр. Сондықтан облысқа арнайы хат жазылып, 60 теңгенің 30 теңгесін субсидия ретінде төлеу сұралуда. Ал, Оралмен екі ортаға «Газель» немесе автобуспен жолаушы тасымалдауға кәсіпкер шықпай отыр.

«Сырым» газ шаруашылығының директоры  Қайырболат Оспановтың айтуына қарағанда, бүгінде газ бағасы 17 теңге 80 тиын болып өсті, газ бізге Ресей арқылы келетіндіктен, бағасы өспесе, төмендемейді. Газ есептегіш құралды пайдалану мерзімі 5 жыл болып белгіленді. Тұрғындардың қолына газ төлеміне арналған арнайы кітапша беру қажет деген мәселе көтерілді.

«Сырым» МКК директоры Руслан Тасқалиев өткен жылы округтерде сусорғылар ауыстырылып, басқа да жұмыстар атқарылғанын айтты. Аудан орталығындағы ескі көпір жөнделіп, Шағырлой, Қособа ауылдарының кірме жолына топырақ төселді. Көшелерге жарықшамдар қою тұрғындардың сұранысына орай жүргізілуде. Аудан орталығынан 1200 тонна күл-қоқыс шығарылды. Биыл да күл-қоқыс шығару жұмыстары жалғасады, 10 тонна, яғни, 1 «Камаз» көлігімен күл-қоқыс шығару – 3500 теңге.

Аудандық сәулет жән құрылыс бөлімінің басшысы Өркен Бектенов өткен жылы бой көтерген құрылыс нысандары мен күрделі жөндеуден өткізілген бөгеттер туралы айтты. Биыл Бұлдырты ауылының су құбырының құрылысын салу, Жымпиты ауылына Кеңащы нүктесінен су тарту жобасын сараптамадан өткізу, Алғабас ауылынан 10 бір пәтерлі тұрғын үй салуүшін ЖСҚ жасақтау,  Жымпиты ауылынан  үш қабатты тұрғын үй салу үшін ЖСҚ жасақтау, Бұлдырты ауылынан 50 көрерменге арналған спорт зал құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттарды сараптамадан өткізу жұмыстары қолға алынады. Ө.Бектенов «Смарт Астана» деген сияқты «Смарт Жымпиты» деген қосымша шығарудың барлық орын алған келеңсіз мәселені бірінші өз ішімізде талқылап, қолға алу үшін пайдасы зор екенін айтты.

 

 

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар