7.03.2018, 12:22
Қараулар: 375
Қарияларға алғыс айтты

Қарияларға алғыс айтты

Сырым ауданы әкімі аппаратының басшысы Ерлан Сәрсенов, Жымпиты ауылдық округінің әкімі Арман Баяндықов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғилаж Қаналиев аудан орталығында тұратын қарттардың шаңырағында болып, оларды Алғыс айту күні мерекесімен құттықтады.

Жымпитылық Саку Валитов пен зайыбы Фатима Валитованың отасқандарына биыл 62 жыл болады. Отағасы Саку қарт  — жаппай аштық, Ұлы Отан соғысы, тың игеру сияқты тарихи оқиғаларды көзімен көрген адам. Сосын ба екен, бүгінгі күні тыныш тірліктің өзіне шағым айтып жүргендерді түсінбейді. Ол бүгінгі ұрпақтың басына ең бір берекелі заман туды дейді. Осының барлығын Фатима әжей жайған дәмді дастарханның басында отырып тыңдадық.

Ақмамбетовтер әулеті тек Сырым ауданы емес, бүкіл өңірге педогогикалық династия ретінде белгілі. Олардың педагогикалық өтілі 525 жылды құрайды. Әулеттің анасы, педагог, ақын Кама Хабиқызы алғыс айтып барған құттықтаушылардың өздерін алғыс айтып қарсы алды.

Алғыс айту күні мерекесі Сырым ауданында әр мекемеде, әр жанұяда осындай жылышыраймен әрі жақсы ықыласпен тойлануда.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар