7.03.2018, 12:18
Қараулар: 342
 » 
Бізде бірлік пен жауапкершілік бар

Бізде бірлік пен жауапкершілік бар

2014 жылы «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында Жымпиты және Талдыбұлақ ауылдарының ауыз су жүйелері жаңғыртылғаны белгілі. 2016 жылы да бірқатар жұмыстар атқарылды.

Қосарал, Бұлан ауылдарында су мұнарасы іске қосылды. Осы сияқты Алғабас, Жосалы және Аралтөбе ауылдарындағы  су ұңғымалары санитарлық нормаларға сәйкестендіріліп, су нүктелеріне аула салынды.

Былтырғы жылы ауданның су шаруашылығындағы негізгі мәселелер шешімін тапты. Қосарал, Бұлан, Тоғанас, Ақырап және Жымпиты ауылдарына техникалық су тартылды. Санитарлық нормаға сәйкестендіру жұмысы осы жылы Тоғанас ауылындағы су ұңғымасы үшін жүргізілді. Осы сияқты Бұлан, Шағырлой, Алғабас ауылдарындағы су жүйелері залалсыздандырудан өтті. Сарой ауылдық округі үшін қосымша 1 су ұңғымасы, Шолақаңқаты ауылдық округіне қарасты Аңқаты елді мекенінде ауыз су құдығы іске қосылды.  2017 жылы Талдыбұлақ ауылдық округіне қарасты Қазақстан елді мекеніндегі ескі су мұнарасы жаңа мұнараға ауыстырылды. Осылайша, ауылдың негізгі мәселесі шешілді.

Ауданның су шаруашылығындағы 2017 жылдың басты жаңалығы Аралтөбе ауылдық округі «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жаңартылған ауыз су жүйесіне, ал «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Жосалы ауылдық округі жаңа ауыз су жүйесіне қосылуы болды.

Өндірістік процестерді цифрландыру мен инфрақұрылымдарды басқарудың интеллектуалдық жүйелерін қалыптастыру жаңа жолдаудың бірінші және төртінші басымдықтарының ішінде айтылды. Осы мақсатты жүзеге асыру мақсатында Жымпиты ауылындағы Данилл – 1, Данилл -2 көтермелері бейнекамерамен жабдықталды. Мекеменің көліктеріне жуық арада GPS құрылғылары қондырылады. Бұл құрылғы техникалардың тек жұмыс мақсатында пайдаланылуын бақылауға алуға мүмкіндік береді.

Мекеменің техникалық әлеуетін арттыруға жылма-жыл көңіл бөліп келеміз. Қазіргі күні мекеменің автопаркінде су тасуға арналған ауыр жүк көліктері, «К–700» және «МТЗ-40» тракторлары, автогрейдер, автожүккөтергіш сияқты 15 шақты техника бар. Техниканы адам басқарады, жалпы еңбекті адам жасайды. Бүгінгі күні мекемеде 65 адам қызмет жасайды. Біз кадрларға жағдай жасауды – адами капиталды көркейту деп түсінеміз. Осы мақсатпен 2018 жылдан бастап мекеме қызметкерлерінің жалақысы 30% — ға көтерілді. Мемлекеттен суға берілетін субсидия көлемі де 17 % — ға артты.

Техникалық мүмкіндіктің молаюы «Сырым» мемлекеттік коммуналдық мекемесі үшін жаңа жұмыс бағыттарын айқындауға себеп болды. Қазіргі күні біздің мекеме аудандық жолдарды күтіп ұстауды өз міндетіне алды. Мақсатты пайдалану үшін былтыр көше сыпыруға, жол жолақтарын салуға арналған, сол сияқты полиэтилен тұрбаларды дәнекерлейтін аппарат сатып алынды.

Жалпы айтқанда, бүгінгі таңда «Сырым» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің жұмысы жүйеленді. Қызметкерлердің арасында жұмысқа жауапкершілік пен ұжымдық бірлік нығайды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін, жалпы елге еңбек ету үшін де керегі осылар – жүйе, жауапкершілік және бірлік. Қалған жерде осы құндылықтарды сақтауға әрі дамытуға ниеттіміз.

Руслан Тасқалиев,

«Сырым» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің директоры