7.03.2018, 12:12
Қараулар: 544
Үздік пошташы

Үздік пошташы

Пошташы Бибігүл апай маған бала кезімнен жақсы таныс. 10-12 жасымда «Ұлан» газеті мен «Балдырған» журналына өлең, мақала жазып, конвертпен  пошта арқылы жіберетін едім. Кейін жазғандарым жарияланса, қаламақы, шықпаса редакциядан хат келетін. Алдына барған сайын Бибігүл апа мейірімді көздерімен қарап, хаттарымды алып қалады. Өлең, әңгімелерім шықса, қуанышты хабарды бірінші боп жеткізіп, құттықтап, көп газеттің арасынан менің  жазылған газет-журналымды қолыма ұстатады. Артынан поштамен қаламақым жетеді. Шиыр-шиыр қол қойып, қаламақымды алып, төбем көкке жете қуанатын кездерімнің куәсі болған пошташы апай әлі күнге дейін маған ыстық. Жиырма үш жылдан бері Қосарал ауылында пошталық қызметтің жүгін арқалап келетін Бибігүл Сұлтанова талай адамдардың қуанышына куә. Әскердегі сарбаздан хат жеткенде, зейнетақы, еңбекақы келгенде, жаңалыққа толы мерзімді басылымдардың  жаңа санын алғанда Бибігүл апаның бөлмесінен шатты жүзбен шыққан жандарда есеп жоқ шығар.

Бибігүл –  әкесі Байғали мен анасы Ұмсындық өмірге әкелген жеті баланың бесіншісі. Бастауыш сыныпты ауылда оқып, ұстазы Бақытжамал Чукурованың  тәлімін алды. Онжылдықты Орал қаласындағы № 11 С.Сейфуллин атындағы қазақ орта мектебінен бітірді. 1990 жылы кооперативтік техникумды тәмамдады. Ауылға келіп, тұтынушылар қоғамына жұмысқа тұрды. 1995 жылы пошташы болып ауысты. 2006 жылы сырттай Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың экономика факультетін бітірді.

Бүгінде «Қазпоштаның» жұмысы автоматтандырылған, көрсететін қызметтің түрі де, саны да  артқан. Жедел ақша аудару, посылка салу, алу, тұрба, шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлердің салықтарын, несие төлеу, газетке жазылу, зейнатақы, еңбекақы, жәрдемақы алу, газдың ақшасын төлеу, ұялы телефонға бірлік салу, авиабилет, темір жол билеттерін сатып алу ауылда «Қашпошта» арқылы жүзеге асырылады. Халық ауданға ат арылтпайды, таксиден беріп жіберем демейді,  бұрынғыдан әлдеқайда жеңіл. Өз жұмысын Бибігүл Байғалиқызы қабақ шытпастан атқарады. Жарты ставкамен жұмыс жасайтын пошташының еңбек уақытына бұл қызметтер сыймайды. Сондықтан Бибігүл апа уақытпен санаспай, толық жұмыс сағаты біткенше ауыл әкімдігінің кеңсесінде отырады. Алдына қанша адам келсе де, қарапайым қалпын сақтап, сыпайылық танытуды өзінің міндеті санайды.

Бибігүл апа – ауылда белсенділікпен көзге түскен жан. Наурыз мейрамы, Жаңа жыл кештерінде шараларды қызықты, тартымды, әсерлі ғып өткізуді, әдемі безендіруді ұйымдастырып, құрдастарын да жұмылдырып, бірге  түрлі сайыстарға демеуші де болады. Күні кеше ғана ауылда «Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай!» атты келіндер сайысын ұйымдастыруға мұрындық болды.

Сырым аудандық пошта торабының басшысы Айнагүл Жұмиева да қызметкері Бибігүл Сұлтанова жайлы  «Менің үздік қызметкерім, ай сайын жоспарды толығымен орындайды» деген жақсы пікірде.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар