7.03.2018, 12:10
Қараулар: 316
Зертханадағы 32 жыл

Зертханадағы 32 жыл

1909 жылы қазіргі Сырым ауданының территориясында Қазақстанның батысындағы ірі оба эпидемиясы пайда болды. Аудандағы музейдің деректерінде, оба індетін жою мен болдырмау үшін ғылыми амал жасаған адамдар  ретінде Күнбатыс Алашорда үкіметінің мүшесі, Жымпиты земстволық ауруханасының меңгерушісі Д. Күсепқалиев пен саратовтық дәрігер-эпидемиолог Г.Кольцевтің есімдері аталады. Олар Жымпитыдан обаға қарсы күрес қызметінің лабораториясын ұйымдастырды. Жымпиты обаға қарсы зертханасының қызметі 1932 жылы қайта жолға қойылды. Жымпиты зертханасында сол жылдан бері К.И.Смирнов, В.М.Туманский, кейін медицина ғылымының докторы, профессор З.И.Колесникова, Я.А.Усов, М.И.Андреева, Н.Я.Шабаев, З.П.Плетникова, В.А.Мерлин, А.А.Сасыкин, лаборант В.П.Чудесова, В.С.Чернобаев, М.М.Скарзнов, Р.Ш. Шпектор, Г.Г.Сонин, Г.Я.Перетятко, В.А.Губайдуллин, Б.С.Немченко, А.Н.Ашимарин секілді білікті мамандар қызмет етті. Мақаламыздың бүгінгі кейіпкері Ботагөз Ибраеваның осы тарихи қызметтің жолында жүргеніне биыл 32 жыл болады.

Ботагөз Ибраева Оралдағы медициналық училищені 1986 жылы бітірді. Ол тектен–тек медбике боламын деген жоқ. Туған апасы Риммаға ұқсағысы келді. Оның үстіне анасы Сәния да қыздарының медицина саласында қызмет еткенін қалаған. Өйткені, Ботагөздің үлкен нағашы әжесі Хадиша Мустафина да, нағашылары Әдиетолла Мустафин, Дәния Сайфутдинова да Жымпитыдағы обаға қарсы күрес мекемесінде біраз жыл қызмет еткен адамдар еді. Осының бәрі Ботагөздің мамандық таңдау мәселесінің алдында ойлануына мұрша берген жоқ.

Мамандығын алғаннан кейін ол Жымпиты аудандық ауруханасының «Хирургия» бөлімінің медбикесі болып еңбек жолын бастады. Бірер жылдай тәжірибесі бар жас маман ендігі жерде нағашыларының жолын жалғастырамын деп шешті. Сөйтті де, Түркменстанның астанасы Ашхабад қаласына 4 айлық білім жетілдіру курсына кетті. Ашхабадтан келгеннен кейін ол Жымпиты обаға қарсы күрес бөлімшесінің зертханасына зерттеушісі болып жаңа қызметке тұрды. Жоғарыда айтқанымыздай осымен 32 жыл болды, зерттеуші Ботагөз Ибраева бөлімшенің зертханасының ішінде жүр.

Осы жерде бір сұрақ тууы мүмкін. Оба – бұрын болған індет. Қазір жоқ. Жоқ аурумен неге күреседі? Біз осы сұрақты зерттеушінің өзіне қойдық.

—        Обаны қазіргі күні жоқ қой деп айтуға болмайды. Оның ошақтары бар. Әрине, ол ошақтар залалсыздандырылған. Оба – тілсіз жаудың бір түрі. Күнделікті алдын алып отырмаса, кез–келген уақытта анықталуы ықтимал. Бұл індеттің түпкі финалы – өлім. Біздің мекеменің негізгі жұмысы – оба түгілі, оны тудырушы әсерлерді де болдырмау, – деді сұрағымызға жауап берген Ботагөз Ибраева.

Обаны таратушы – кеміргіштер, нақтырақ айтқанда олардың бойындағы бүргелері. Жыл бойына мекеменің нұсқаушы – дезинфекторлары даладан, кейде жеке тұрғынжайлардан кеміргіштерді аулап, зертханаға тапсырады. Зертханадағы жұмысқа зерттеуші Ботагөз кіріседі. «Орал обаға қарсы күрес станциясы» ММ Жымпиты обаға қарсы күрес бөлімшесінің зертханасында зерттеу мен сынама алу мақсатында жылына 6000 кеміргіш сойылады екен. Мен де анықтап сұрадым. Рас екен, 6 000!

Зерттеу қорытындысы негізінен ауданда анықталып отырады. Зерттеудің машақаты деген жетеді екен. Осы үшін зерттеушіге күніне  7 сағат лизолмен жұмыс жасауға туралы келеді. Бұл дегеніңіз, 7 сағат бойы токсиндік зияны шамадан артық ауамен демалу деген сөз. Ботагөз ханымның жағдайында 32 жыл деген масқара ғой!

Ал сол улы ауамен демалу, тышқан сою не үшін керек деп сұрарсыз! Жауап дайын: Сіз бен біздің, біздің ұрпақтар өмір сүретін заманның саулығы үшін. Біз бұл бағыттағы еңбек бағалануы керек деп ойлаймыз. Мәселен, кейіпкеріміз 32 жыл бойы резеңке киімді киіп алып, зертхананың ішінде тышқан сойып отырған да қойған. Оған ауданның басшылығы тарапынан ешқандай алғыс, тіпті мерекелік құттықтау да берілмеген. Мерекелік марапатты тек оқушысы байқаудан жеңімпаз атанған мұғалім алсын, не болмаса салтанатты жиындарда сөз сөйлей беретін партия белсенділері алсын деген заң жоқ қой. Өзімізше, Ботагөз Ибраева сияқты мамандар да бір құрметке бөленсе дейміз. Мақаланы жазудағы бір мақсатымыз да сол –  қоғам жете біле бермейтін салалардың белсенді еңбеккерлерін елге таныстыру, еңбегіне баға сұрау.

–        Мәселе денсаулыққа, соның ішінде саулық жағдайды сақтап тұруға келгенде аудандық аурухана обаға қарсы күрес мекемесімен мүдделес. Мекемелер арасында әріптестік байланыс бар.

Мен Ботагөзбен аудандық ауруханадан бері әріптеспін. Ол – өзінің ісін жетік білетін маман, өте сауатты кадр. Өзі – жоғары санатты зерттеуші. Оның еңбегі – ауданның денсаулық сақтау ісі үшін жасалған еңбек, – дейді әріптесі туралы аудандық аурухананың бас медбикесі Күләш Айташева.

Ботагөз Ибраева өзінің жасап жүргені болжауға, шамалауға сүйенуге болмайтын, тек дәлдік қана керек нәзік жұмыс екенін жақсы біледі. Ол кезіндегі мекеме басшылары Жақып Тобышбаев, Мейрамғали Тоқтаров, есепші Арон Таукин сияқты мырзалармен, Валентина Морозова, Анна Әбдірахманова сияқты тәжірибелі зерттеушілермен әріптес болғанын мәртебе санайды. Ботагөз Ибраева зерттеуші ғана емес, ол ең әуелі әйел ғой. Ол – жары Бейбітпен бірге екі қыз тәрбиелеп өсірген бақытты ана. Кейіпкерімізді газет беті арқылы Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтаймыз және еңбегіне жеміс тілейміз!

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар