1.03.2018, 17:43
Қараулар: 486
Әнмен әлдилеген «Ән – махаббат»

Әнмен әлдилеген «Ән – махаббат»

Аудандық мәдениет үйінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Астананың 20 жылдық мерекесіне орай Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Мәдениет саласының үздігі, әнші-композитор, жерлесіміз Жаскелең Ғайсағалиевтың мерейлі 50 жасына орай «Ән-махаббат» атты әдемі әнмен әрленген шығармашылық кеші өтті. Кешті Көпболсын Мұхамедов жүргізіп, композиторға халықтың атынан қызықты сауалдар қойып отырды. Жаскелеңнің жары  Айтжан да залдан табылды.

Ж.Ғайсағалиев бала кезден әнге, музыкаға әуес болып өсті.  Аудандық «Аққайың» ансамблінің әндерін тыңдап, еліктеді. Әкесі Орынбасар дәстүрлі әнді кең диапазонда шебер орындаған. Жосалы орта мектебін бітіріп, әскердегі борышын өтеп келгеннен кейін ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі болып қызмет етті. Өнерлі жастардың басын қосып «Назқоңыр» ансамблін құрды. Аудандық, облыстық көркемөнерпаздардың байқауларының сан мәрте жүлдегері атанған «Назқоңыр» ансамблі 1991 жылы республикалық «Тамаша» ойын-сауық отауына қатысты. Мұнда Ж.Ғайсағалиев өзінің «Сүйкімді қыз» атты авторлық әнін орындап, аталмыш ән арқылы сазгер ретінде тұсауы кесілді. Ж.Ғайсағалиев   1991-1995 жылдар аралығында Дәулеткерей атындағы Батыс Қазақстан өнер институтында музыкалық білім алды. Ш.Қалдаяқов атындағы Республикалық әншілер байқауының лауреаты. 2005 жылы Ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай өткізілген «Атамекен» атты сазгерлердің Астанада өткен республикалық конкурсында Т.Молдағалиевтың сөзіне жазылған «Әлия-Мәншүк немесе музейдегі ой» әнімен лауреат атанды. Сол жылы Севастополь қаласында өткен Халықаралық ән конкурсының «Композитор» номинациясы бойынша тағы да лауреат атанды. Ж.Ғайсағалиевтың әндеріне Ерікқали Ахметов, Тұманбай Молдағалиев, Мұнайдар Балмолда, Талғат Мықи, Ғайсағали Сейтақ өлең жазған. Бүгінгі әндердің көбі «жылауық махаббат» жайында болса, Жаскелеңнің әндерінен бақытты, шаттыққа толы махаббаттың лебі еседі.

Кеште композитордың  «Жан балам», «Сүйкімді қыз» әндерін Рүстем Кереев, А.Жұмағалиевке арналған «Қоңырдың қасқалдағы» әнін Мұсағали Бектенов орындады. «Сағыныш-жастық», «Жан досым», «Астанаға тағзым» әндерін Асланбек Қуаналиев орындап,  «Астанаға тағзым» 2008 жылы Астана қаласының 10 жылдығына арналып жазылып, байқауда 300 әннің ішінен үздік 35 ән қатарына өтіп, бүгінде Оралдың атынан Астанаға арналған гимні ретінде шырқалып жүргенін айтты. Омар Хибашев «Бір ән бар еді»,  Тарас Жауынбаев «Әке-мерей», Еркін Өтегенов «Ән-арман», Жамиға Камалова «Қызыма», Бекей Қанатов пен Айдарбек Көлбаев «Ән өлке – Жымпиты» әндерін шырқады.

Автор «Әлия-Мәншүк немесе музейдегі ой», «Әкені аңсау», «Анаға сый», «Немерем», «Айлар мен жылдар», «Қаракөз», «Ән-махаббат» әндерін өзі орындап берді.

Кеш соңында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Ғалымов сахнаға көтеріліп, кеш иесін құттықтап, лебіздерін жеткізді. Гастрольдік сапарын туған жерден бастап, Жосалы, Бұлдырты, Жымпиты халқын рухани сусындатқан концерті үшін алғысын білдірді.  Т.Төреғалиев Ж.Ғайсағалиевке құттықтау хат пен естелік сыйлық табыс етіп, Ә.Ғалымов сырымдықтар атынан ат мінгізді.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар