1.03.2018, 17:39
Қараулар: 231
Латын әліпбиіне көшу – жаңғыру талабы

Латын әліпбиіне көшу – жаңғыру талабы

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»   атты  бағдарламалық мақаласында: «Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен ғаламтор тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады. Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз…» деп атап көрсеткен еді. Рухани жаңғыру аумағындағы Елбасы атап көрсеткен маңызды шаралардың бірі – латын әліпбиіне көшуді – дәлірек айтқанда қайта оралуды жүзеге асыру – тарихтың тағы да біздің арқамызға артқан үлкен сенімі деп білемін. Бұл бейбіт елдің бүгінін баяндап, тәуелсіз елдің тарихын жазатын төл таңбаларымызды қалыптастыратын, ұлттық кодымызды жаңғыртуымыздың бірден-бір жолы болып табылады.

Тарихқа көз жүгіртсек, біз үш әліпбиді ауыстырыппыз. Сол кезеңде бүгінгідей газет-журнал, компьютер, жаңа технология болған жоқ. Соған қарамастан, халық басына түскен барлық қиындықты еңсере білді. Тіпті айшылық алыс жерлерге атпен барып, сауатын ашып жүргендер де болды. Ал бүгінде оның барлығы артта қалды, бейбіт заман орнады. Тәуелсіз мемлекетіміз жылдан-жылға өсіп, өркендеп, ғылым-білім саласы дамып келеді. Яғни, латын әліпбиіне көшу  –  қазақ халқының алға жылжуына , жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз.

 

Мәншук  Бахитова,

«Сырым жауһарлары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар