1.03.2018, 17:38
Қараулар: 309
Қылмыс жасау азайған

Қылмыс жасау азайған

Сырым ауданындағы қылмыстық құқықбұзушылық саны 2017 жылы 2016 жылмен салыстырғанда 15, 1 пайызға төмендеген. Бұл туралы Сырым аудандық жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі  Ерлан Жоралиев аудандық мәслихат депутаттарының алдында 2017 жылдың қорытындысы бойынша берген есебінде мәлімдеді.

Сырым ауданындағы қоғамдық тәртіптің, қылмыстылықтың жай – күйіне тоқталған жергілікті полиция қызметінің бастығы тіркелу көрсеткішінің төмендеуі қылмыстың барлық түрі бойынша бар екенін айтты. Бірақ қуануға әлі ерте. Полициялық талдау көрсеткіштері көрсеткендей, 2017 жылы бұрын сотталған азаматтардың тарапынан жасалған қылмыстардың үлес салмағы 5 пайызға өскен. Өсім топпен жасалған қылмыстардың санында да бар. Бұл қылмыс былтыр 2 фактіден 6 фактіге өскен.

Жыл ішінде тіркелген барлық қылмыстың 66, 8 – пайызы – мал ұрлығы. Былтыр Сырым АІІБ криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Н. Закин мен аталмыш бөлімнің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны С. Батыров жедел алдын – алу шараларын жүргізу барысында Бұлдырты ауылдық округі аумағында орын алған мал ұрлығы әшкереленген болатын. Әшкерелеу нәтижесінде, 2016 – 2017 жылдары Сырым, Қаратөбе, Шыңғырлау аудандары аумақтарында мал ұрлығымен айналысып келген адамдар анықталды. Нәтижесінде 18 мал ұрлығы ашылып, қылмысқа қатысы бар күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Аудандық мәслихаттың депутаты Болат Тасқалиев нәтижелі жұмыстары үшін ішкі істер бөлімінің қызметкерлеріне алғыс білдірді. Былтырғы жылы мал ұрлығы бойынша ашылған 11 қылмыстық істің 2 – еуі ғана сотқа жолданған. 9 – ы кешіріммен қысқартылған. Осыны ескерген депутат мырза өзінің сөзінде, халықты қылмыскерлерге кешірім бермеуге шақырды. Себебі, кешірім қылмыстың қайталануына әкеліп соғып отыр.

Күн тәртібі бойынша сөйлеген Аралтөбе ауылдық округінің әкімі Әділхан Мұхитов аудандағы мекеме қызметкерлері, жалпы халық ішкі істер бөлімінің қызметіне белсенді әріптестік танытуы керек деген пікірді айтты.

Аудандық мәслихат сессиясының күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Мұса Шалабаев, аудандық мәслихаттың хатшысы Шынар Дүйсенғалиева сөз сөйледі.

Сессия жұмысын Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қорытындылады. Қорытынды сөзінен кейін аудан әкімі аудандағы кадрлық өзгерістермен таныстырды. Сырым аудандық орталық ауруханасының басшысы қызметін осыған дейін орынбасар қызметінде болған Роза Тахамбетова  атқаратын болады. Аудан әкімінің өкімімен аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы болып Өркен Бектенов тағайындалды.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар