1.03.2018, 17:29
Қараулар: 311
Рухани жаңғыру – болашақтың кепілі

Рухани жаңғыру – болашақтың кепілі

Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Мемлекет басшысының бұл бастамасын қазақстандықтар зор ықыласпен қабылдады. «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу — шынайы патриотизмнің маңызды көрінісі. Әрбір өлкенің есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» – деп, атап көрсеткен болатын. Елбасының алға қойып отырған міндеттерінің маңыздылығы орасан зор. Бағдарлама өткенімізді қастерлей отырып, болашағымызды айқын бағдарлауға, рухымызды биіктету үшін маңызды, рухани қазынамызды, жалпы төл руханиятымызды түлетуге ықпал ететін іргелі жұмыстарға арқау болмақ. Әсіресе, жастардың еліне, туған жеріне деген патриоттық сезімдерін қалыптастыруда мән-мағынасы зор, өз өлкесінің жанашыры мен сүйеніші бола білуге ықпалы мол болады деп ойлаймын. 

Елбасы мақаласында баяндалғандай, елдің рухани жаңғыруы жеке адам санасының жаңғыруынан басталады, сондықтан ең алдымен ұлтымызға тән рухани құндылықтарды жаңғыртудан, рухани қазынамызды дәріптеуден бастағанымыз жөн. Аталмыш бағдарлама негізінде ауданымызда маңызды жобалар жүзеге асып, бірқатар игі шаралар атқарылуда. Соның ішінде ұлттық құндылықтарымызды, рухани қазынамыз саналатын кітапты насихаттауға бағытталған маңызды іс-шаралар «Мұқадес Есламғалиұлы атындағы Сырым аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» мемлекеттік мекемесінде оздырылуда. Барлық кітапханада баспа басылымдарынан, мерзімді басылымдардан жасақталған «Рухани жаңғыру – болашақтың кепілі» тақырыбымен кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырман назарына ұсынылуда. Бабалардың ізі қалған, тарихы әріден бастау алатын киелі Сырым елінің әлеуметтік-саяси өмірі жайлы баяндалған, тарихы, әдебиеті мен мәдениеті туралы сыр шертер, өлкетануға бағытталған кітап көрмесі барлық кітапханада шығарылып, ауыл тарихы, танымал тұлғалары туралы баяндалған «Тарихыңды таны, тұлғаңды құрметте» атты ақпараттық стендтер жасақталуда. Мақсаты – оқырманның ойына қозғау, ақылына салмақ салатын басылымдарды оқыту.

Еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылатын «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жанашыр азаматтар туып-өскен өлкесінің әлеуметтік, мәдени және рухани өміріндегі іс-шараларына қолдау көрсетіп, жас ұрпаққа үлгі болып келеді. Біздің өлкемізде де туған жерге деген ыстық лебізін іспен дәлелдеп жүрген жанашыр азаматтар болғанына қуанамыз. Соның бір айғағы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Сырым ауданының құрметті азаматы Донеділ Қажымов «Донеділ» атты жаңа кітабының 24 данасын кітапхана жүйесіндегі кітапханаларға сыйға беріп, кітап қорының толығуына септігін тигізіп, қолдау көрсетті.

Жалпы алғанда, Елбасы мақаласында орын алған игі бастамаларды кезең-кезеңге, бағыттарына бөліп қарастырсақ, ел дамуы мен өркендеуіне арналған бағдарлама болашақта жаңа сана-сезіммен, жаңашыл ойлау қабілетімен ерекшеленетін жас буынды қалыптастыруымыз үшін қажет. Ең негізгісі – тарихи тамырымыздан ажырамай, рухани құндылықтарымызды сақтай отырып, жаңа технологияларды меңгеру арқылы алға қадам басуымыз тиіс. Мұны Қазақстан халқының ұстанар ұстанымы мен ұлттық идеологиясы деп қабылдауға болады.

А.УАЛИАХМЕТОВА,

Мұқадес Есламғалиұлы атындағы  Сырым аудандық ОКЖ директоры

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар