1.03.2018, 17:24
Қараулар: 373
«Қосыла шапқан қос жүйрік»

«Қосыла шапқан қос жүйрік»

Кешегі аптада Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында «Елеулі есімдер» жобасының аясында «Қосыла шапқан қос жүйрік» тақырыбымен кездесу кеші өтті. Кештің басты кейіпкерлері – жерлестеріміз, белгілі кәсіпкер Құсайын Бақтияров пен атбегі Мүтәлі Төреғалиев.

Бұл кісілерді біздің жақта біреуге таныстырып жатудың өзі  артық, себебі азаматтардың аттары өздері үшін сөйлеп тұр. Бір айта кетерлігі, бұл жерде біреуінің атын тек кәсіпкерлігімен, ал бірінің атын тек ұлттық спортқа деген ынтасымен шектей алмаймыз. Мысалы, Құсайын Бақтияров елге белсенді меценат, өңірдегі қоғамдық – мәдени әрі қайырымдылық бағыттағы шаралардың тұрақты демеушісі ретінде де белгілі. Бірақ, ол кісі қай жақсылықты да елге белгілі болу үшін емес, пайдалы болу үшін жасап жүр. Бақтияров мырза қадыртану ісіне де аз үлес қосқан жоқ. Осының барлығы кешегі кеште кеңірек айтылды.

Ал, Мүтәлі Төреғалиев туралы әңгіме мүлде басқа. Бұл азаматтың жылқы мен ауылға деген махаббаты Төлегеннің Қыз Жібекке деген махаббатынан да мықты. Мүтақаң оны аз дәлелдеген жоқ. Оның даладай алып тұлғасы, мылтық асынып, арғымақ мінетіні, бәйгеге жүйрік баптап қосатыны, өлең жазып, оны өзінің сазына салып шырқайтыны, күніндегі балуандығы – бәрі, бәрі кешегі серілік дәстүрдің өкілі екендігінің дәлелі. Мүтәлі Төреғалиев ақын Қадырдан бастап, талай елдің азаматына ат мінгізді. Мұны енді Мүтақаңның қазақтығымен ғана түсіндіре аламыз.

Кештің салтанатты ашылуында орталықтың директоры Бауыржан Халиолла сөз сөйледі. Ол кісі де екі азаматтың адамдықтың, адалдықтың үлгісі екендігін айтты. Осы сияқты Сырым ауданының атынан барған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Ғалымов, бас партияның аудандағы өкілі Талғат Дарғожиев және аудандық газеттің редакторы, ақын Махмет Қажиахметовтер, кеш иелерінің сыйлас ағалары, замандастары атынан Мақсот Берген, Есберген Әжібаевтар сахнадағы құрметті сөздің кезегін алды.

Кеште «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Ж. Ғайсағалиев, Д. Есентеміров, республикалық байқаулардың лауреаттары Ф. Оразов, Е. Өмірәлі, жас әншілер Е. Қуанышев, Г. Ахметова,  «Інжу» тобы және Мүтәлі Төреғалиевтің сөзіне жазылған авторлық әнімен Марат Қазмағанбетов өнер көрсетті. Мәдени шара ақындар Ж. Мусина мен Т. Мықидың әдемі айтысымен әдемі аяқталды. Сөзінің арасында ақын Талғат Мықи «қосыла шапқан қос жүйрік жақсылықтан жарысып келе жатыр» деген жақсы ой айтты. Расымен де солай.

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының жанындағы «Елеулі есімдер» жобасын мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асырудағы жаңашыл бағыт деп айта аламыз. Себебі, осы кезге дейін танымал адам тек өнердің не ақпарат саласының өкілі болуы керек деген түсінік бұзылмай келді. Елге еңбегімен, қазақтығымен танылып жүргендер бар. Ол адамдар алдағы уақытта «Елеулі есімдердің» құрметті қонағы болады.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Суретті түсірген: Рафхат Халелов

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар