1.03.2018, 17:20
Қараулар: 304
Ерен еңбек үлгісі

Ерен еңбек үлгісі

Еңбек ету, оны ұрпақтарына да сіңіру, адал еңбекпен мал табуды үйрету айтуға оңай болғанымен іс жүзінде үлкен қажырлылықты қажет етеді.  Кәсіп үйрену, оны балаларына да үйретіп бір шаңырақтың астына ұйыту үлкен ерлік. «Болар елдің баласы бірін бірі батырым дер» демекші еліне елеулі, отбасы бірлігінің ұйытқысы, еңбектің ерен үлгісі Аралтөбелік азамат Ерғалиев Абилхамит Кәрімұлы туралы айтуды жөн көрдік. 

Абилхамит Кәрімұлы 1950 жылы Аралтөбе ауылында қазан айында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. 1968 жылы мектеп бітірген соң, Жымпитыдағы училищенің шоферлік курсын тамамдайды.

Атадан жалғыз ұл болғанымен де, Кәрім ақсақал оны аса өбектеп отырмады. Еңбек етуге, уақытты бос өткізбей шаруашылық жұмыстарын жүргізуге баулыды. Бастысы өмір сүре білуге үйретті. Абилхамит ағамыз машина жүргізушісі бола жүріп 1976 жылы Шыңғырлаудағы училищеден «электрик» мамандығын алып шықты.

Аралтөбе ауылында көп жылдар шаруашылықтың түрлі салаларында көп еңбек сіңірді. 1977-1990 жылдар аралығында  «Сельхоз энергоның» Аралтөбе учаскесінің басшысы, МТМ-ның электроцехының слесары, инженер-электрик секілді қызметтерді адал атқара білді. Еңбегі де тасада қалмай әр жылдары  алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Иә, бұл өмір жолдарының бір белестері ғана. Біздің әрі қарай айтқымыз келетіні еңбек ете білудің, ешуақытта жалқаулыққа салынбаудың, атадан алған өнегені ұрпақтарына дарыта, соны баули білуде болатын. Абилхамит Кәрімұлы  сол үдеден шыға білген жан. Жолдасы Салиха апамыз екеуі 6  бала тәрбиелеп өсірді, қазір немере-жиендердің қызығына бөленген бақытты ата мен әже. Қыздары Айнұр Ақтөбе облыстық экономика және жоспарлау департаментінде, Индира Ақтөбе қаласындағы медициналық орталықта кардиолог, Айнұр өз алдына жеке бизнес ашып, кәсіпкерлік жолында.

Хамит ағамыз (ауылдастары ол кісіні осылай атайды) заман ағымына сай көшке ілесе біліп, үш  ұлының басын біріктіре, жұмылдыра отырып 1998 жылы  «Нұр» шаруа қожалығын құрды. Әке жолын жалғастыра отырып балалары Әбділнасыр, Ғабділнасыр, Орынбасар да қажырлы еңбек етуде. Балалары аса еңбекқор, тыным табуды білмейтін жандар.

Қазіргі таңда ірі қара малды бағып, оны асылдандыру бағытында түрлі бағдарламаларға қатысып, жеңілдіктерді тиімді пайдалана отырып, ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлкен үлес қосуда. Олардың істері көпке үлгі боларлық. Бұл арада олардың ауызбіршілігі, еңбекқорлығы, атадан әкеге, әкеден балаға  сіңген асыл қасиеттерін басып айтамыз. Жұрт: «Хамиттың балаларындай болсаңдаршы!» — деп бағдар қылатындай, сүйсіне қарайтындай отбасы.

2013 жылы ҚР Конституциясының мерекесіне орай аудан әкімінің алғыс хатымен және өткен жылы «Отбасы» мерекесіне орай тағы да аудан әкімінің  алғыс хатымен марапатталды. Мерейлі отбасы деп осы Ерғалиевтар отбасын айтуға болатын сияқты, өйткені олар көпке үлгі, баршаға өнеге деп білеміз. Олай дейтініміз жақсыға қарап басқамыз бой түзейді емеспіз бе?!

1 наурыз — Алғыс айту күніне орай осы құт дарыған, адал еңбектің жемісін жеп отырған, ынтымағы жарасқан шаңыраққа ауылдастар атынан алғысымызды білдіреміз.

Ә.Мухитов,

Аралтөбе ауылдық округінің  әкімі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар