22.02.2018, 16:13
Қараулар: 400
Жаңғыруға жаңалық қосқан байқау

Жаңғыруға жаңалық қосқан байқау

Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылында Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесінің құрылғанының 100 жылдығы мен Астана қаласының 20 жылдығының құрметіне «Мен қазақпын» атты дәстүрлі әншілер мен термешілердің облыстық байқауы өтті.  Байқаудың бас жүлдесіне және оралдық шебер Едіге Нәбиевтің байқау үшін арнайы жасаған домбырасына Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжінің студенті  Нұрәлі Айтуғанов ие болды.

Ән сайысының іріктеу кезеңінде облыс орталығы мен аудандарынан келген 9 үміткер өнер көрсетті. Олар байқаудың бекітілген ережесіне сай Алашорда қозғалысы мен оның қайраткерлері жайлы арнау айтты әрі Батыстағы дәстүрлі ән мектебінің өкілдерінің әнін және Ақтамберді, Базар, Наурызбек, Махамбет, Сүгір, Шернияз, Абыл, Ақтан, Қашаған секілді жыраулар поэзиясының белді өкілдерінің туындыларын орындады. Байқауға Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты, Башқұртстан Республикасының Уфа қаласында өткен Бүкілресейлік жыршылар фестивалінің Күміс жүлдесінің иегері, жыршы Фархат Оразов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, дәстүрлі ән орындаушы Дастан Есентеміров, облыстық халық шығармашылығы орталығының жетекші маманы Батырхан Қайыров, Марабай Құлжабайұлы атындағы республикалық термешілер байқауының лауреаты, Ғ.Құрманғалиев атындағы медальдің иегері Мұқамбет Мамықов сияқты дәстүрлі өнердің белгілі өкілдері қазылық жасады. Қазылық құрамға ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Ұлы дала дауысы» IV Халықаралық радиофестиваліндегі «Үздік дәстүрлі орындаушы» атты аталымның иегері, дәстүрлі ән орындаушы Армат Исламғалиев жетекшілік етті.

Қазылық құрамның шешімімен тасқалалық Мирлан Жамбылов I орынға, қаратөбелік Нұршат Исламғалиев пен сырымдық Дархан Қажығалиев ІІ орынға, сырымдықтар Сәлімжан Әубәкіров пен Анар Төлегенова, теректілік Мейірбек Жанболат ІІІ орынға ие болды. Қалған қатысушыларға байқаудың дипломанты дәрежесі берілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер «Мен қазақпын» атты дәстүрлі әншілер мен термешілердің облыстық байқауының гала концертінде өнер көрсетті. Жымпитылықтар кештің құрметті қонағы «Мен қазақпын!» тележобасының қатысушысы, күйші Ақылбек Бектасовтың өнерін ерекше қабылдады.

Айта кетейік, бұл шара мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді іске асыруға бағытталған нақты қадам болып есептеледі. Байқаудың ұйымдастырушысы «Демалыс орталығы» мекемесінің директоры Серік Тоқмамбетовтың айтуынша, ұлттық тәрбие мен дәстүрлі музыканы насихаттауға арналған «Мен қазақпын!» дәстүрлі әншілер мен термешілердің байқауының да түпкі мақсаты — жаңғыруға жаңалық қосу.

Осы күні байқаудың қазылық құрамы мен қатысушылары Алашорда мұражайы мен Алаш саябағындағы шараларға қатысты. Кейін Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің арнайы қабылдауында болды.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар