8.02.2018, 11:50
Қараулар: 241
Отан алдындағы адалдық

Отан алдындағы адалдық

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында  ХХІ ғасырда ұлттық сананы өзгерту керектігі туралы айтты. «Сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес»,- деді. 

Дәл осы сөздері бүгінде әскерден жалтарып, қашып жүрген ер азаматтарға арналып айтылғандай көрінеді. Елбасы мақаласында патриотизмді де толыққанды дамыту туралы айтылған. Қатардағы жауынгер Мейірбек Қанатов  бүгінде  Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданындағы 2087 әскери бөлімінде десанттық-шабуылдаушы заставасында  атқыштар бөлімінде әскери қызметін өтеуде. Алғырлығымен,  өнерімен озық көрінген Мейірбек 27 желтоқсан мен 8 қаңтар аралығында   әскери марапаттау демалысын алып, елге келіп кетті.

Ол Ж.Досмұхамедов атындағы  педагогикалық колледжіне 2013 жылы 9-сыныпты бітірген соң қабылданып,  2017 жылдың жазында музыка пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша диплом алды. Дипломын алып, ұстаздық жолға қадам басқалы тұрған Мейірбек Мейрамғалиұлына әскерге шақырту қағазы келді. Содан сымдай тартылған  жас сарбаз саптан табылды. Үлгілі сарбаздар қатарынан саналатын Мейірбек  әскерден қашып жүрген жастардың әрекеті бекер екенін, жастардың әскерге баруы қажет екенін айтты.

–  Әскери өмір  адамды бірлікке, татулыққа, достыққа, адалдыққа үйретеді. Өзіңе деген сенімділікті арттырады. Қатаң тәртіпке бағынып, әр қадамыңды аңдып басасың. Себебі, бір сарбаз қателікке бой алдырса, барлық әскери қызметтестері бірдей жазаланады, яғни, тапсырманы басынан бастап орындайды.

Әскерге барған ер азамат пен бармаған жігіттің айырмашылығы жер мен көктей деп айтуға болады. Азаматтық өмірде  адам не істесе де, өз еркі, арқаны кеңге салып жүреді. Ал, сарбаздың жауапкершілігі жоғары, оған үлкен сенім артылады, елдің тыныштығы мойнында, сондықтан әрбір әрекетін баяндап отырады. Қолында автоматы бар сарбаз қаруына да зор жауапкершілікпен қарайды.

Уақытымен, режіммен тұрып, тамақтану, ұйықтау түнімен қыдырып, жарты күн ұйықтауға қарағанда әлдеқайда денсаулыққа пайдалы.

Әскердің тағы бір пайдасы – туғандарыңа, достарыңа деген көзқарасың өзгереді, құрметің артады, олардың қадірін қасыңда жүргенде біле бермейсің. Анаңа деген сағыныштан оны өмір бойы арқалап өтуге дайын екеніңді сезінесің. Ауылыңның итіне дейін сағынған соң, туған жерге деген махаббатың еріксіз шарықтап кете береді,-дейді сарбаз.

Қыркүйектің 14-і әскерге аттанған Мейірбек  төрт айдың көзді ашып-жұмғанша өтіп кеткенін айтады. Граната лақтыру, ату алаңындағы мергендігі, концерттерге қатысып, белсенділік  танытқан Мейірбек Қанатов 10 күнге жаңа жыл қарсаңында бұйрықпен демалысқа жіберілді. Төрт ай оқу орталығында болған Мейірбек енді Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстанмен шекарада қызмет етуге  аттанбақ.

Әскери тірлікке сіңісіп, өмірі біте қайнасып кеткен Мейірбек Қанатов әскери адам боп қалғысы келеді. Сарбаздық мерзімі біткен соң, Алматыдағы әскери академияға барып оқуға түсуді қалайды.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар