8.02.2018, 11:40
Қараулар: 505
Ұстаздардың ұстазы

Ұстаздардың ұстазы

Елбасының биылғы Жолдауында «Білім беру жүйесінің барлық деңгейі заман шындығы мен экономика сұраныстарына жауап беруі тиіс. Бұл арада мұғалім мамандығының беделін арттыру керек» деген болатын. Мұғалім мәртебесін арттыруда аға буын ұстаздардың өнегесі мен берген тәрбиесіне қарап  біраз сабақ алуға болады. Ал, ондай тәрбие беретіндей алдыңғы ардагер буынның  Жымпиты жерінде көптеп саналатынын айта кетуіміз керек. Солардың бірі әрі бірегейі «ҚР оқу ісінің үздігі» Қадыров Марат Сақыпұлы.

Марат Сақыпұлы 1938 жылы 4 қаңтарда қазіргі Ақжайық, бұрынғы Тайпақ ауданының Есенсай ауылында дүниеге келген. Оралдағы №11 Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепті күміс медальға бітірген. А.Пушкин атындағы педагогика институтының физика – математика факультетін ойдағыдай аяқтап, алғашқы еңбек жолын өзі оқыған Есенсайдың орта мектебінен бастайды. Жымпитыға 1963 – 65 жылдары сол кездегі Жымпиты орта мектебіне оқытушы болып қызметке келеді. Сол уақыттан бергі өмірі ауданның тұрмыс тіршілігімен біте қайнасып кетеді. «Жас келсе іске», — дегендей  жаңадан келген  жас маман ауданда алғашқылардың бірі болып, оқушыларды баскетбол, қол добы, стол теннисі секілді спорт түрлеріне баули бастайды. Осы уақыт аралығында аудандағы іргелі мектептің нағыз қайнаған жұмысының бел ортасында жүреді. Алғыр, өз ортасына сыйлы маман көзге түсіп мектеп директорының орынбасары, кейін мектеп директоры болып еңбек етеді. Осы уақыт аралығында жинаған тәлім – тәрбие мен іскерлік қабілет  өскен үстіне өсе береді. Бұл сол кездегі кадр мәселесінің дұрыс жолға қойылғандығы шығар, азаматтар төменнен жоғарыға қарай сатылап көтеріліп отыратын. Барлық саланың басы қасында болып өзі жұмыс жасаған  маман, мектептегі оқушыдан бастап мұғалімдер мен орынбасарлардың, директорлардың жағдайын да жақсы түсінетін. Сондықтан шығар 1984 – 93 жылдар аралығында Марат Сақыпұлы аудандық білім беру бөлімінің басшылық қызметін де  абыройлы атқарды. Терең білімді іскер басшының, ұстаздық тәжірибесі мен адам тани білетін қасиеті кешегі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылық замандарда көптеген ұстаздарымыздың дорба арқалап сауда жасап кетуінен сақтап қалғандығы рас. Ауданымызда Марат Сақыпұлының алдын көрген талай аға буын бар, олар өз заманының ұлағатты ұстаздары. Барлығын дерлік ұстаздардың ұстаздары десек артық болмайды. Қазіргі таңда білім саласы мен мұғалім мәртебесі күн тәртібінен түсіп көрген жоқ, оған себеп ұрпақ қамы, олардың білімі мен тәрбиесі қай уақытта да өзгектілігін жоймақ емес. Жаңаша  ойлау мен жаңғырудың жолдарына түсу үшін, өткен буынның өмір жолдарынан сабақ алып үйренсек артықтық етпесі анық. Кешегі дәуірде ауданымыздың білім саласын Хайрош Едгин, Жақып Неталиев, Әди Шайхиев, Мақсот Ташаев, Ғайнолла Ағаділов, Марат Қадыров, Әнуар Ермұханов, Тасболат Сембиев, Рақымжан Хамза  бастап кеткендеріне тарих куә. Осы ардагерлердің әр қайсысы өзіндік орнымен өткен өмірлерімен  өшпес мұраға айналмақ. Олардың көзін көрген қаншама алтын ұстаздар бар. Бүгінгі күннің ертең тарихқа айналарын ескерсек, арамызда жүрген  қазыналы қарияларымызды бағалап, жастарымызға үлгі ете білейік. Биылғы жылы сексеннің сеңгіріне шыққан ұстаздардың ұстазы Марат Сақыпұлына денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеп, ортамызда  елдің атасы болып жүре беріңіз дейміз.

 

 

А. Ойшыбаева,

Сырым Датұлы  атындағы тарихи – өлкетану музейінің меңгерушісі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар