1.02.2018, 12:00
Қараулар: 669
Қайратты сомдаған Жасқайрат

Қайратты сомдаған Жасқайрат

Өткен 2017 жылы 10-11 желтоқсан күні Облыстық қазақ драма театрында жазушы, драматург  С.Досановтың «Тозақ шеңбері» қойылымының премьерасы өтті. Премьераға қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов театр ұжымына ризашылығын білдірді. Автор С.Досанов екі күнде де премьераны көріп, қатты толқып, көңілі толғанынын, жоғары бағалағанын айтып жеткізді. Театр үшін бұл үлкен қуаныш, бақыт, жетістік.

«Тозақ шеңбері» туындысының авторы көрнекті жазушы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, М.Шолохов, С.Есенин, В.Пикуль атындағы Халықаралық сыйлықтардың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресей әдебиет академиясының академигі, профессор Сәбит Аймұханұлы Досанов.     Автормен бірге оның жары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Құралай Аққошқарова, жазушының бауыры, кәсіпкер Ғабит Досанов, белгілі ақындар Өтеген Оралбаев, Қазыбек Иса арнайы келіп қатысты.  Қойылым аяқталғаннан кейін автор, көрермендер Халық Қаһарманы Қайраттың бейнесін үздік сомдай білген актер Жасқайраттың  өнеріне тәнті болып, ризашылығын білдірді.  Өз-өзіне сенімділік – бұл кез келген жағдайда өзіңе сенім арттыра білу. Мен алғаш қолыма драматург С.Досанов «Тозақ шеңбері» пьесасы қолыма тиген кезде, дайындық барысында әріптестеріме мен бұл туындыны, өз-өзіме сенімді болғасын алып отырмын, киелі де қасиетті тәуелсіздікке қандай қиындықпен келгені туралы жас ұрпаққа ұғындыру, бұл қойылымды қою менің парызым деген болатынмын.

Бұл тарихи драмадағы басты рольді алып шығатын тұлғалар бар ма?-деген сұраққа да көп іркілген жоқпын. Өйткені біздің театрымызда талай белестерді бағындырған талантты жастар жетерлік. Әрқайсысының өзіндік, бір біріне ұқсамайтын әртістік қабілеттері бар. Сөйтіп алғаш басты рөлге Қайрат Рысқұлбековты бейнесін сомдау үшін  театрымыздың талантты актеры Жасқайрат  Сәбитұлы Валиуллиевті  бекіттім. Сонымен  бір айдай уақыт тынбастан еңбек етті.Сырым өңірінің тумасы Жасқайрат  Сәбитұлы 1992 жылы 3 қарашада, БҚО Сырым ауданы Жымпиты ауылында дүниеге келген.

2008 жылы Орал қаласы №42 «Ақ ниет» гимназиясын бітірген.

2008-2012 жж аралығында Құрманғазы атындағы саз колледждің «Виолончель» аспабы бойынша оқыды.   2012-2016 жж аралығында Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясында «Музыкалық театр және кино әртісі» мамандығын оқып бітірген.

2016 жылдан бері БҚО Орал қаласының Қазақ драма театрында жұмыс атқарып келеді.

Алған жетістіктері;

2004 ж. Қалалық «Таң шолпан» әншілер байқауында 1 орын (Орал )

2005 ж. Қалалық «Балдәурен» конкурсында 1 орын (Орал)

2005 ж. Облыстық «Балдәурен» фесивалінде 1 орын (Орал)

2005 ж. Республикалық «Балбөбек» фестивалінде «Жоғары дәрежелі орындаушылық шеберлігі үшін» Астана қаласының Мәдени-демалыс  Қызмет орталығының арнаулы дипломымен марапатталған.(Астана)

2006 ж. Халықаралық «Бозторғай» фестивалінен арнаулы дипломмен марапатталды.(Алматы)

2006 ж. Республикалық Балдаурен Демалыс орталығындағы «Вокалисты» номинациясында «Жеңімпаз» болды. (Көкшетау-Бурабай)

2011 ж. Халықаралық «Da capo fine» фестивалінде «Виолончель» аспабы бойынша арнайы марапатқа иесі.

2014 ж. Республикалық студенттер арасындағы театрлық қойылымдар байқауында 3 орынға ие болды. Ариэстэль рөлі (Алматы)

2015 ж. Республикалық студенттер арасындағы режиссерлық байқауда 1 орын иегері. Ричард рөлі. (Алматы)

2015 ж. Мәскеуде өткен Халықаралық студенттер арасындағы режиссерлер байқауында режиссерлық жұмыспен «Гран-При» алған. Ричард рөлі (Москва)

2017 ж. Македония елінде өткен Халықаралық «СТОБИ» фестивалінде Орал қаласы Қазақ драма театры «Гран-При» иегері. Неотолем рөлі (Велис)

Жасқайрат Сәбитұлы  БҚО театрына келгеніне бір жылдың ішінде тоғыз басты рөлде ойнады.

Олардың ішінде айтулы Е.Домбаев «Махаббат серенадасы» мұңды драмасында-Ақатай, Н.Хикметтің «Фархат-Шырын» спектаклінде Фархат образы, Б.Васильев «Қасық қаным қалғанша» деректі драмасы-Жас лейтенант, Ф.Буляковтың «Қысқа ғұмыр»-Григорий жас кезі т.б және С. Досанов «Тозақ шеңбері» драмасындағы Қайрат Рысқұлбеков бейнесі.

Қайратты қалай ойнағаны жөнінде ақпарат беттерінде, әлеуметтік желіде жақсы пікірлер жазылып жатыр. Дегенмен тарихи тұлға Қайратты бейнелеген, Жасқайратқа әлі талай белестерді бағындыруына тілекші бола отырып,шығармашылық табыс тілейміз.

Үлкен өнер мектебінде кәсіби білім алып,елге келіп көрерменнің көз алдына Қайрат бейнесін әкелуің бұл да бір үлкен еңбек. Сендей кәсіби маманмен жұмыс жасағаныма менде мақтан тұтамын.

Тек жолың ашық, армандарыңа сүрінбей жете бер демекпін

Самал  Әбуов,

Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының актері,әрі режиссері.

 

Ләззат Қажымова,

көрермен пікірі:

– Жасқайрат Валиуллиев Қайраттай Желтоқсан құрбанының рөлін керемет сомдады. Ұлым кейін театрдан Жасқайратты көргенін айтып келіп “Анашым, Қайратты көрдім. Қолын қысып сіз керемет ойнадыңыз деп айтқым келді” дейді. Өнерге шынайы жолмен келген адам өнердің биік шыңдарын бағындырары сөзсіз. Өнердегі дара тұлға, сахна саңлақтарының жолын берсін сізге, Жасқайрат Валиуллиев!

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар