18.01.2018, 15:02
Қараулар: 329
ПРОЦЕСТІК КЕЛІСІМ

ПРОЦЕСТІК КЕЛІСІМ

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 13-бөлімі 63-тарауы мемлекеттің қылмыстық саясатын тиімді ету мақсатында мынадай жаңа институттарды реттейді: кінәны мойындау туралы мәміле және ынтымақтастық туралы келісім.

Процестік келісім – бұл қылмыстық процестің кез келген сатысында прокурор мен күдікті, айыпты немесе сотталушы арасында немесе сотталған адам арасында осы Кодексте көзделген тәртіппен және негіздер бойынша жасалатын келісім.

Процестік келісімді қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті есі дұрыс емес күйде жасаған немесе қылмыс жасағаннан кейін психикасының бұзылумен ауырған адамдармен жасауға болмайды. Процестік келісім жасасу адамды жәбірленуші және азаматтық талапкер болып танылған адамдардың алдында азаматтық-құқықтық жауаптылықтан босатуға негіз болып табылмайды.

Кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісім мынадай шарттар болған:

— күдікті, айыпталушы процестік келісім жасасуға ерікті түрде ниет білдірген;

— күдікті, айыпталушы келтірілген күдікке, айыптауға және іс бойынша қылмысты жасағанына қолда бар дәлелдемелерге, өзі келтірген зиянның сипаты мен мөлшеріне дауласпаған;

— процестік келісім жасасуға жәбірленуші келіскен кезде жасалуы мүмкін.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының 07.07.2016 жылғы №4 Нормативтік Қаулысының 12-тармағына сәйкес, кінәны мойындау туралы келісім қылмыстық іс бойынша жәбірленуші – жеке немесе заңды тұлға болмағанда жасалуы мүмкін (мысалы, есіркі заттарының заңсыз айналымы және тағы басқа істер бойынша).

Күдікті, айыпталушы немесе сотталушы соттың кеңесу бөлмесіне кеткеніне дейін қылмыстық іс бойынша іс жүргізудің кез-келген сәтінде кінәны мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім жасасу туралы өтінішхат беруге құқылы. Сондай-ақ, процестік келісім прокурордың бастамасы бойынша жасалуы мүмкін.

ҚПК 628-бабына сәйкес, мемлекеттік айыптаушы, сотталушы және оның қорғаушысы қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы барысында кінәні мойындау туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхат мәлімдеуге құқылы.

Кінәні мойындау туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхат келіп түскен кезде судья сот талқылауын үзеді және тараптарға процестік келісім жасасу үшін ақылға сыйымды мерзім береді.

Тараптар процестік келісімнің талаптары бойынша келісімге қол жеткізбеген кезде соттың қылмыстық істі қарауы жалпы тәртіп бойынша жалғастырылады.

Келісім жасалған жағдайда, қылмыстық іс келісімдік іс жүргізуде қаралады, төрағалық етуші сотталушыдан, қорғаушыдан процестік келісімді қолдайтыны-қолдамайтынын сұрайды. Процеске қатысушылардың жасалған келісім туралы пікірін тыңдап, төрағалық етуші шешім шығару үшін келісу бөлмесіне кетеді. Сотталушы соттың шешім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кеткеніне дейін жасалған процестік келісімнен бас тартуға құқылы.

Егер сот жазаның түрімен және (немесе) мөлшерімен келіспесе, ҚПК 623-бабының 1-тармағы 3-тармақшасына немесе 626-бабының 1-тармағы 2-тармақшасына сәйкес, жаңа келісім жасасу мүмкіндігін ұсына отырып, қылмыстық істі прокурорға қайтару туралы қаулы шығарады.

ҚР Қылмыстық кодексінің 55-бабы 3-тармағына сәйкес, жеделдетілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру істері, сондай-ақ процестік келісімнің барлық шарттары орындалған істер бойынша жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін жазаның мерзімін немесе мөлшерін осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделген жазаның анағұрлым қатаң түрінің ең жоғары мерзімінің немесе мөлшерінің жартысынан асыруға болмайды.

Қылмыстық процеске қатысушылар Кодекстің осы нормаларын дұрыс түсініп, оны кеңінен қолдана білсе, қылмыстық процесті жүргізуші органдар мен барша адамдар үшін тиімді болмақ.

Т.Ниязов,

Сырым аудандық сотының судьясы