18.01.2018, 12:09
Қараулар: 245
Нақты шаралар қолданылатын болады

Нақты шаралар қолданылатын болады

Өңірде Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтың бекітуімен «Салықтарды жинаудың жол картасы» бағдарламасы іске қосылды.  Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұловтың төрағалық етуімен бағдарламаны түсіндіру мақсатында жиналыс өтті.

Сырым ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Арман Ғұмаровтың айтуынша, жаңа бағдарлама бюджетке түсетін салықтардың толықтығын қамтамасыз ету мен көлеңкелі экономикамен күресуді көздеп отыр. Қазіргі күні салық органдарына тіркелмей жүрген, тіркелсе де табысын жасырып, жұмыс күші туралы дұрыс ақпаратты көрсетпей жүрген салық төлеушілер бар. Осындай фактілерді жою – кірістер басқармасының ендігі жұмыс нысанына айналмақ. Бір айта кететіндігі, «Салықтарды жинаудың жол картасы» — ескертіп, хабарлама жіберіп қоя салатын емес, нақты шара қолданатын бағдарлама болайын деп тұр.

Жиналыс төрағасы Асланбек Сарқұлов салық төлеушілердің мәдениетін арттыру үшін ақпараттық – насихаттық жұмыстарға ерекше ден қоюды тапсырды. Бұл жұмыстарға аудандағы мемлекеттік кірістер басқармасы, кейбір мемлекеттік бөлімдер мен мекемелер, үкіметтік ұйымдар және ақпараттық құралдар жұмылдырылады.

 

Б.ШЕРІМ,

Сырым ауданы