18.01.2018, 12:06
Қараулар: 386
«Бөбектен» бөлек әсермен келді

«Бөбектен» бөлек әсермен келді

«Бөбек» ұлттық практикалық білім беру және сауықтыру орталығы 1997 жылдан бері жұмыс жасайды. Осы уақытқа  балалардың үйлесімді дамуы мен сапалы білім алуы, әрі денсаулығының сауығуы үшін ғана қызмет еткен орталық бүгінгі күні де өзінің мақсатты жолын жалғастыруда. Жуырда «Бөбек» орталығынының жанындағы «Өзін – өзі тану» оқу – сауықтыру кешенінде Сырым ауданының 10 оқушысы 3 апта демалып келді.

«Бөбек – менің жүрегімде!» атты ауысымға Қазақстанның 10 өңірінен 110 оқушы демалуға барған екен. Олар үшін кешеннің педагогтары 22 күннен тұратын демалыс бағдарламасын дайындап, әр оқушының жас ерекшелігі мен бейімі бойынша жұмыстаныпты. Бейім дегеннен шығады, кешенішілік шаралардың барысында сырымдық оқушылар өздерінің спортқа да, өнерге де ерекше бейім екендіктерін көрсеткен. Мәселен, Абай орта мектебінің оқушысы Шапағат Сапарғали әуелі топтық кезеңде, сосын кешеннің чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, дойбыдан ауысымның чемпионы атаныпты. «Қазақстан – менің Отаным!» атты мәнерлеп оқу сайысында Көгеріс негізгі мектебінің оқушысы Нұрайлым Рахатова жүлдегер болған.

Сырым аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Сауық Бектенованың айтуынша, республикалық оқу — сауықтыру  орталығындағы демалыс ауыл мектебіндегі балаларды тек интелектуалдық тұрғыда дамытып қана қоймай, жалпы өмір сүруге, жетістікке жетуге деген құлшыныстарының артуына да көмектескен.

Айта кетейік, «Бөбек» ұлттық практикалық білім беру және сауықтыру орталығына жолданған 1 оқушының жол қаражатын жымпитылық кәсіпкер Саламат Салауатов толықтай өз мойынына алыпты.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар