4.01.2018, 14:49
Қараулар: 280
Шынайы патриотизмнің маңызды көріністері

Шынайы патриотизмнің маңызды көріністері

Көшбасшымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты халықтан қызу қолдау тапқан кешегі тұғырнамасын ширек ғасырды артқа тастаған Тәуелсіз Қазақстанның жаһандану дәуіріндегі рухани кеңістігіміздің жаңа бастауы деп бағаланғаны анық. Елбасының мақсаты – ұлттың ұлы мұраты. Ұлы Дала елінің бойында белгілі тарихи себептермен қалғып кеткен прагматизмді ояту арқылы ұлттық, қоғамдық ойға, іске сілкініс әкелу, тәуелсіз елдің санасын қайта жаңғырту барысында елімізде ауқымды жұмыстар жүзеге асып келеді.

«Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» -деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, жалпы білім беретін Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектеп-балабақша кешенінде осы мақалалық бағдарлама аясында көптеген республика, облыс, аудан деңгейінде шаралар оздырылды. Алаш үкіметінің 100 жылдығы, Күнбатыс Алашорда бөлімінің төрағасы Жаһанша Досмұхамедовтың 130 жылдығына қаңтар айында «Мақтанышымыз – Жаһанша» атты облыстық конференциясынан бастау алып, ұрпақ санасына тәуелсіздікке ұмтылған Алаш қайраткерлерінің өр рухын сіңіру мақсатында жыл бойы тарихи-танымдық, тәрбиелік шаралар, қоғамдық жұмыстар жүргізілуде. Қырқүйек айында жазушы, ғалым, алаштанушы Тұрсын Жұртбай мен профессор, тарихшы Жайсаң Ақбай, мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Құндызай Ерімбетова, т.б. республикаға белгілі ғалымдардың қатысуымен    тарихи-өлкетану музейі ашылды. Жаһанша Досмұхамедовтың бюсті қайта жаңғыртылып, мектептің көрнекі жеріне орналастырылды. Алдағы жылы Күнбатыс Алашорда бөлімінің 100 жылдығына орай жоспар құрылып, осы іс-шаралар жалғасын таппақ.

«Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» — деп Елбасы мақаласында «Туған жер» бағдарласын ұсынды. Осы бағдарлама аясында туған ауылына, түлеп ұшқан мектептеріне көмек қолын созып жүрген азаматтарымыз қаншама. Атап айтсақ, осы жылы мектеп түлектері Гүлбаршын Сыдықова акт залына ковралин төсеніш, Қайрат Құрмашев желдеткіш құрал, ал 1997, 2007 жылғы мектеп түлектері оқушыларға спорттық киімдер, түрлі-түсті принтер, т.б.сый жасады. Туған жерге, білім нәрін сыйлаған мектепке қолдау білдіріп, оның келер ұрпағының дамуына жағдай жасау – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі.

Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобалардың ішінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы 2025 жылға дейін қазақ әліпбиін – латын әліпбиіне көшуді ұсынды.  Осыған орай педагогикалық кеңесте, ата-аналар конференциясында баяндамалар оқылды, мектеп ұжымына, балабақша қызметкерлеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілді, еліміздің келешегі үшін жасалған бұл қадамға ұстаздар оң пікірін білдірді. «Латын графикасын қолдану – заман талабы» атты барлық сыныптарда тәрбие сағаттары өткізіліп, сынып жетекшілер латын әліпбиіне көшу бүгін ғана қолға алынған мәселе еместігін, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері біртіндеп жүзеге асып келе жатқан жоба екендігін айтты. «Элита» пікірсайыс үйірмесі оқушылары арасында «Жаңа әліпбимен – жаңа болашаққа» атты пікірсайыс ұйымдастырылып, жас өрендер жобаның маңыздылығы жайында ой қозғап, сөз жарыстырды. Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелетініне сенім білдірді.

«Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» — деп елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде айта отырып, «Мәңгілік ел» идеясын ұрпақ бойында қалыптастыру, ұлттық кодты, ұлттық сананы жаңғырту, туған өлке тарихын танып-білу мақсатында  мектепішілік тарихи-өлкетану музейінде пәндік сабақтар жоспарлы түрде өткізіліп келеді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр»- деп мүмкіндігімізді  айқындап отыр, ал біздің міндет – осы бағдарламалық мақалада айтылғандардың іске асыру жолында аянбай еңбек ету.

 

 

Нұржауған Кулмуханова,

Жалпы білім беретін Ж.Досмұхамедов атындағы  орта мектеп-балабақша кешенінің директоры

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар