14.12.2017, 16:30
Қараулар: 280
Аралтөбеге «Ақбұлақ» келді

Аралтөбеге «Ақбұлақ» келді

02.14.12.17ҚР Тәуелсіздігі күніне орай Сырым ауданындағы Аралтөбе ауылдық округінің орталығы «Ақбұлақ» бағдарламасының аясында жаңғыртылған жаңа ауыз су жүйесіне салтанатты түрде қосылды. Құны 270 млн теңгенің жобасы аясында ұзындығы 17 шақырымнан тұратын жаңа су құбыры арқылы ауылдағы 200 үйге таза ауыз су жеткізіліп отыр.

Жаңа жүйені сумен қамтамасыз ету үшін ауыл сыртынан 6 бірдей су ұңғымасы қазылған. Барлау нәтижелері көрсеткендей бұл ұңғымалардағы судың литрге шаққандағы өнімділігі қалыптағы көрсеткіштен 5 есеге артық. Судың мынадай өнімділігі жағдайында, Аралтөбе ауылын ауыз сумен қамту үшін бір ұңғыманың өзі жеткілікті. Жүйенің екінші нүктесінің басында сыйымдылығы 25 текшеметрді құрайтын су мұнарасы мен су тазарту станциясы орналасқан. Осы жерде су жиналатын 200 текшеметр бір резервуар мен көлемі 75 текшеметрлік қосымша үш резервуар және бар.

Салтанатты шараға Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиева, мердігер, «ГазСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Юсуп Қазиев қатысты.

—         Мемлекеттің дамуы тұрғындарының тұрмыс деңгейімен өлшенеді. Кейінгі жылдары Аралтөбе ауылдық округінде үлкен жұмыстар жасалды. Округ орталығы мен елді мекендер көгілдір отынға қосылды. Ұялы байланыс жүйесі жаңа сапамен жұмыс істеп тұр. Елдің егемендігі мерекесінің қарсаңында ауылдастардың тағы бір қуанышына ортақтасудың мүмкіндігі туды. Таза ауыз су енді әрбір аралтөбеліктің үйіне дейін жетті. Жақсылық құтты болсын! – деді аудан әкімі өзінің құттықтау сөзінде.

Жаңа ауыз су жүйесін салтанатты түрде іске қосу рәсімін аудан әкімі Төлеген Төреғалиев пен округтегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Рамазан Аманғалиев жүргізді.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Аралтөбе ауылы

 

Бейбіт Бисенов,

ауыл тұрғыны:

Көгілдір отын келгенде қатты қуанғанбыз. Газ — ауыл адамының арманы еді ғой. Бүгін Тәуелсіздік күнінің қарсаңында ауыл ауыз судың жаңа жүйесіне қосылды. Газдың келуінің өзі ауылға кәдімгідей ажар әкеліп еді, енді үй – үйге жеткен таза ауыз су тұрғын үйлердің де қолайлылығын арттыратыны сөзсіз.

Шынын айту керек, ауылдағы тұрмысымыздың қала тұрмысынан айырмашылығы болмай бара жатыр. Тіпті, қазір ауылдан қалаға көшу сирек, керісінше қаладан ауылға көшу жиіледі. Бір – екі жылда Аралтөбенің өзіне қаладан 4 – 5 жанұяның шамасы көшіп келді. Ауылға береке кіре бастады деген осы.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар