14.12.2017, 16:04
Қараулар: 399
«Жыл үздігі — 2017» байқауы қорытындыланды

«Жыл үздігі — 2017» байқауы қорытындыланды

01.14.12.17Сырым ауданында «Жыл үздігі- 2017» жастар сыйлығы байқауының салтанатты марапаттау кеші өтті. Шараға Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қатысты.

Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы мен «Сырым жастары» жастар қоғамдық бірлестігі жариялаған байқаудың негізгі мақсаты – мемлекеттік жастар саясатының аудандағы үздік өкілдерін анықтау. Байқау дәстүрлі сипатқа ие.

Биылғы жылы үздіктердің шеруін Алғабас ауылдық округінің жастары бастады. Белсенді жас Нұрболат Жұмағазиев бастаған ауыл жастары облысқа қайырымдылық шараларының тұрақты ұйымдастырушылары ретінде белгілі. Биыл да алғабастық жастар Тасқала ауданының жас тұрғынының еміне қаржы жинауда үлкен белсенділік танытты. Оларға «Жанашыр жастар» атты арнайы аталымды аудан әкімі Төлеген Төреғалиев табыс етті.

Осы жылы Сырым ауданындағы мектептердің оқушылары халықаралық «Айбын» әскери–патриоттық сайысында жүлдегер атанды. Бұл жетістікті ауданның білім беру саласындағы жаңалығы деуге әбден болады. Осы жетістік үшін жұмыстанған Сырым аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Қуаныш Райымов «Үздік жас маман» атанды. Байқау қорытындысы бойынша «Үздік жас ұстаз» аталымының жеңімпазы болып Қуаныш Әбілқасымов танылды. Бүгінгі күні Жырақұдық орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек ететін Қуаныш тың республикалық «Білім шыңы, ғылым сыры!» басылымының редакциясы жариялаған «Жылдың үздік 100 мұғалімі» жобасының куәлігі мен төсбелгісінің иегері екенін айтып кеткен жөн. Үздік ұстаз сияқты, аудандағы жастар сыйлығы «Үздік мектеп көшбасшысына» да табыс етілді. Бұл марапаттың биылғы иегері – Назаргүл Қабденова.

«Жыл үздігі-2017» жастар сыйлығы байқауының салтанатты марапат шарасында 2017 жылы дзюдо күресінен РФ Татарстан мемлекетінде өткен халықаралық жарыстың жеңімпазы Мирас Ерболатов ауданның «Үздік жас спортшысы», ауданның жас дәрігер–хирургі Қасым Бисенғалиев «Үздік жас денсаулық сақтау қызметкері» атанғаны белгілі болды. Сырым ауданының өнер саласындағы жаңалығы болып Халықаралық «Танцы без границ», «ӘлемTalantStars» байқауларының жеңімпазы аудандық балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығы жанындағы «Айналайын» би тобы танылды. Би тобының жетекшісі – Гүлшат Нұрмұханова.

Үздіктер тек білім беру, спорт және медицина емес, ауылшаруашылығы саласында да бар. Биыл «Үздік жас ауылшаруашылығы қызметкері» аталымының бас сыйлығы белгілі атбегі Төлеби Қайыржановқа табыс етілді. Төлеби ат баптаудың шебері ғана емес, ұлттық спорт түрлерінен біраз сайыстың жеңімпазы да. Бұл аталымның үміткері болған Айбат Меңдалиев те осал емес. Ол жүйрік жаратумен 6 жылдан бері кәсіби түрде айналысады.

Марапаттарды аудандағы белгілі қоғам және саясат өкілдері табыс етті.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар