16.11.2017, 15:57
Қараулар: 407
Атаулы көмектің жаңа үлгілері

Атаулы көмектің жаңа үлгілері

10.16.11.17Сырым ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ауылдық округ әкімдері мен аппарат мамандары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен жұмыспен қамту орталығының мамандары үшін жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмекті түсіндіру бойынша семинар өтті.

Елбасы Н. Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 84 қадамында кірісі төмен еңбекке қабілетті азаматтарға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тек олардың еңбекке ықпал ету және әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларына белсенді қатысуы жағдайында ғана беріледі делінген. Осы тапсырманы орындау мақсатында 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа үлгідегі түрі тағайындалады.

Жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмектің мақсаты аз қамтылған отбасылары ішіндегі жұмыссыз және өз бетінше әр түрлі жұмыстармен айналысып жүрген еңбекке жарамды азаматтарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуына ынталандыруға және қиын жағдайдағы жанұялардың әлеуметтік мәселелеріне көмек көрсетуге бағытталған.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қалияр Айтмұханбетов және осы басқарманың бас маманы Раушан Саттықова, БҚО еңбек, әлеуметтік қорғау және көші – қон департаменті басшысының орынбасары Жеңіс Беріков хабарлама жасады.

Семинар жұмысын Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов қорытындылады.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы