16.11.2017, 15:50
Қараулар: 635
Аңыздың ізінде ақиқат бар

Аңыздың ізінде ақиқат бар

02.16.11.17Ел арасында әулие танылған Жұмағазы Хазірет XYIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басы кезінде өмір сүрген. Ел ауызындағы деректер Жұмағазы Хазіреттің дүниеге келген жері Батыс Қазақстан облысының Жалпақтал ауылы жағы деп айтылады. Осы дерек кейінгі кездері нақты ақпарат ретінде жазылып та жүр.

Хазіреттің руы – Тама. Бұл деректі жергілікті шежіреші Ким Ахметов «Жетіру шежіресі (тама, табын және кердері рулары)» атты кітабында тарқатып тұрып көрсетеді. Төлектен Мәтен, Мәтеннен Тәнтем, Тәнтемнен Тәуке, Тәукеден Жұмағазы хазірет. Жұмағазы Хазіреттің ел ішіндегі аты «Дәдем ата». Көп деректе Жұмағазы Хазіреттің «Дәдем ата» аталуы орыстың «дядя» сөзінен шықты дегенді айтады. Бұл — «Правда» газеті атындағы астық совхозының директоры Виктор Шубинге қатысты оқиғаның желісі. Ал жаңағы кітап авторы бұл туралы өзінің мына дерегін алға тартады.

—        «Тәнтемді ертеден елі «Дәдем» атап кеткен. Сол Дәдем тек тамалар емес, батыс беттегі аяқ жетер жердегі қалың мұсылман қауымына аты белгілі әулие, атақты хазырет еді. Осы күндері оның жатқан жері – Қараоба Бұланы. Тәнтемнің қыс қыстауы Қараоба бетте болғанымен, жаз жайлауы оңтүстік батыс жақтағы Қауыз, Тамасай деп аталатын кең жазық болған.

Тәнтемнен (Дәдем)– Тәуке, ал Тәукеде – Жұмағазы (әйелі Мәдина 1774 жылы өлген). Жұмағазы да — хазырет. Моласы – Тамасайда. Тәнтемнің жайлауында жатыр», — дейді Ким Ахметов кітабында. Яғни, Дәдем -Жұмағазы Хазіреттің атасының аты болуы да әбден ықтимал. Өзім осы нұсқаға сеніңкіреймін.

Расымен де, Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Шолақаңқаты ауылдық округінің аумағындағы Тамасай деген жерде әулие Жұмағазы Хазіреттің моласы бар. Бұл орынды ел киеліге санайды. Елдің онысы дұрыс. Әулиенің жаны мәңгілік тыныштық тапқан жерге халықтың құрметпен қарағанында тұрған ештеңе де жоқ. Дегенмен кейінгі жылдары әулие жатқан орындардың мазасы қашты. Зиярат етуге келген жұрт моланың басына келіп құрбандық шалуды, тіпті түнеуді әдетке айналдырды. Осылай — осылай «аруаққа сыйыну» деген шариғатта құпталмаған амал елдің ішіне кеңірек кіріп кетті. Дәстүрлі діндегі Алланың сипаттары – тумағаны, өлмегені және жалғыздығы. Алладан басқа медет тілеуге, сыйынуға лайықты басқа құдірет жоқ. Аллаға емес, аруаққа сыйыну – үлкен адасу. Айтайын дегеніміз, осындай адасушылар әулие Жұмағазы Хазіреттің басынан да арылмайды. Оларға өлген адамның моласы, марқұмның рухы жебеуші, тілек қабыл етуші бола алмайтынын да түсіндіріп жатқан ешкім жоқ. Біздің дәстүрлі діннің алдында тұрған бір міндет – осы мәселеге араласу, яғни Аллаға сыйыну мен аруақты сыйлаудың аражігін ашып беру.

Әрине біз Жұмағазы Хазіреттің діндарлығы мен әулиелігі жайлы елдегі аңыздарды жоққа шығара алмаймыз. Бірақ аңыздарға бояу қосылуы мүмкін. Әдеби бояу қазақ халқының ертегілерінде де, батырлар жырында да бар. Аңыз да әсірелеусіз, әрсіз болмайды ендеше. Ал ақиқат аңыздың ішінде міндетті түрде бар. Біз Жұмағазы Хазірет жайлы аңыздардың негізінде ақиқат тұр деп ойлаймыз.

Енді елдің ауызындағы аңыздарға ауысайық:

Жұмағазы Хазірет қазақ руларының ақсақалдарына жолығып, қоныс сұрапты. Дегенмен рубасылар Жұмағазының өтінішін орындамайды. Сұрағанын ала алмаған Жұмағазы кері бұрылып жүре береді. Сол кезде хазіреттің арқасынан лаулап от көрінген екен. Мұны көрген қарттар оны тегін адамға топшыламаған. Кері алдырып, өтінішін орындап, қонысын белгілеп беріпті. Қазіргі Шолақаңқатының бауырында жатқан Тамасай жайлауы — сол кезде Жұмағазы Хазіреттың үлесіне берілген жер.

*     *       *

Жұмағазы Хазірет күздігүні Аңқаты өзенінің бетіне қатқан жұқа мұздың үстінен тарантас арбамен өтіпті. Мұз арбаны қауырсын құрлы көрмеген. Ал арбаның артынан ерген ит мұзға қайта–қайта сирағын тығып ала беріпті.

*       *       *

Бірде Жұмағазы хазірет қосшы баласымен бірге арбамен келе жатады. Айдалада арбаның бел темірі үзіліп қалады. Сол кезде хазірет сынған белтемірді түсіріп алып, бір-біріне дем салып жалғаған екен. Айтушылар «сынған темірге көктен найзағай түсті. Темір балқып, сосын жалғаныпты» дейді. Бұл жерде әулие дұғаның көмегіне жүгінген болып тұр. Сондықтан амал еткен адамның ғана емес, Аллаға жасалған дұғаның құдіреті де айтылуы керек.

Жұмағазы Хазірет ата дінді ұстанып қана қоймай, өмірінде дінге қызмет еткен де адам. Ол ер жеткен шағында Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мешітінде білім жетілдірді. Бүгінгі күні діндардың көптеген философиялық трактаттары, қолжазбалары болғаны белгілі болып отыр. Бір өкініштісі, олар жоғалған. Хазіреттің ұрпағы Ғарифолла Жанбозов атасына қатысты деректерін Алматы қаласындағы мұрағаттан іздеп көрген. Тіпті Астрахань, Орынбор қалаларының мұрағаттарына сұрау салған. Бірақ, жұмыс нәтижесіз болып отыр.

Қазір әулиенің жатқан басына сегіз қырлы кесене тұрғызылып, зиратының маңы абаттандырылды. Хазірет жатқан қауым қоршалды. Осы маңда қонақ үй мен намазхана да бар. Бейіттің тұсында бұлақ ағып жатыр. Жұрт бұлақ суын дертке шипа қылып жатады.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар