16.11.2017, 10:59
Қараулар: 327
«Жүрегіңнен жылулық сыйла!»

«Жүрегіңнен жылулық сыйла!»

06.16.11.17Осындай тақырыппен Сырым ауданында Раяна Райымның еміне қаржы жинау мақсатында қайырымдылық концерті өтті. Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық пен «Сырым жастары» жастар қоғамдық бірлестігі және «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының Сырым аудандық филиалы ұйымдастырған шараға көршілес Қаратөбе ауданының белсенді жастары да үн қосты.

Қособа ауылдық округінің 7 айлық тұрғыны Раяна Райымға дәрігерлер көз тамырларының дамуы тежелген, яғни шала туылған нәрестенің ретинопотиясы (ретинопатия недоношенных) деген диагноз қойып отыр. Қазақстан бойынша бұл дертке нәрестелердің 17 – 34 % — ы душар болады екен. Раяна – облыс көлеміндегі сырқат екі нәрестенің біреуі. Дәрігерлер дертке күрделі емнің керегін айтады. Осы қарашаның аяғында ата – анасы Раянаны Ресей Федерациясының Санкт – Петербург қаласына алып барады. Шала туылған нәрестенің ретинопотиясы бойынша ота жасайтын білікті мамандар сол жақта ғана бар көрінеді.

Қайырымдылық кешінің сахнасында Сырым және Қаратөбе ауданының көркемөнерпаздары өнер көрсетті. Жымпиты халық театры мен Қаратөбе колледжінің студенттері қойған қойылымдар қоғамның түйткілді мәселелеріне қозғау салды. Елдің ерекше ықыласын айтыскерлер Орынбек Меңдіқұлов пен Райымбек Өтепов қабылдады. Ақындар өз арнауларында жақсылыққа қолдаушы болған тұрғындарға алғыс айтты.

«Жүрегіңнен жылулық сыйла!» атты қайырымдылық кешіне сатылған билеттер мен қайырымдылық жәшігіне түскен қаражаттың жалпы көлемі – 200 мың теңгеге жуықтады. Оның үстіне атын атамауды сұраған кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлер және Раянаның ауылдастары өз алдына қаржылай көмек ұсынды. Барлық қаражат Раяна Райымның анасына табыс етілді.

Қазіргі күні осындай қайырымдылық шараларын ұйымдастыру жағы жиіледі. Бірақ, бірі шын ниеттен, ал бірі атақ пен ат табу үшін ұйымдастыруда. Сырымдық жастар кешегі шараны жарнама үшін емес, жақсылық үшін жасады. Оны жұрт та аңғарған болар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қайырымдылық шаралары әлі жалғасады.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар