9.11.2017, 16:14
Қараулар: 425
 » 
Жарқын жобалар жүзеге асуда

Жарқын жобалар жүзеге асуда

03.09.11.17Биылғы жылы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланғаны баршамызға белгілі. Мақалада «Туған жерге туыңды тік» деген халқымыздың даналық сөзі негізінде Елбасымыз «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынған болатын.

Облысымыздың әр саласында қызмет етіп жүрген ауыл түлектері және округтегі шаруашылық басшылары бас қосып, көптен ауыл тұрғындарын толғандырып жүрген – ауыл мешітіне мұнара орнату мәселесін ақылдасып, қаржылай көмек беріп, нәтижесінде ауылымыздың мешітіне 700 000 теңгеге мұнара тұрғызылып, ауыл тұрғындарының көңілдері көтеріліп қалды. Газ өткізуші мердігер мекеме мешітке газды тегін өткізіп беріп, сауапты іс жасады.

Маусым айында ауылымыздың түлегі, Орал қаласының тұрғыны, кәсіпкер азамат Берік Сүлейменов орталық саябаққа өз қаражатына балалар алаңын орнатып берді.

Бұлдырты ауылында «Ауылым-алтын бесігім» атты «Жерлестер форумы» өткізіліп, оған аулымыздан әр жылдары түлеп ұшқан түлектер мен округтің іскер азаматтары бас қосып, округімізде алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды талқылап, болашақта бұл мәселелер жөнінде тағы да бос қосатын болып тарасты.

Бұлдырты ауылының төл перзенті, еркін күрестен əлем біріншілігінің күміс жүлдегері бұлдыртылық Нұрлан Бекжановтың алғашқы ұстазы ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Асқар Сəукелиннің шеберлік сағаты ауыл саябағында “Ауылым -алтын бесігім” атты ауыл көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұйымдастырылды. Бұл шарада Берік Кенжебекұлы балабақша бүлдіршіндеріне жаңа аквариум сыйға тартса, мектеп бітіргендеріне 15 жыл болған ауыл түлектері мектепке үстел теннисінің жаңа үстелін табыс етті.

ЖББ Бұлдырты орта мектебінің акт залында жерлестер дөңгелек үстелде бас қосып, туған жерге көмек көрсететіндерін айтты.

Форумда округіміз бойынша болашақта атқарылатын 10 жоба ұсынылып, оның екеуі орындалды (ауылдық мешітке мұнара орнату, орталық саябаққа балалар алаңын орнату). Осы жылдың күз айларында тағы бір жоба іске асады деп күтілуде.

Е.Мақашев,

Бұлдырты ауылдық округінің әкімі