9.11.2017, 16:02
Қараулар: 269
Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек

Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа форматтағы бірыңғай жәрдемақы- атаулы әлеуметтік көмек енгізілетін болады.

Қазіргі таңда, қолданыстағы үш әлеуметтік төлемдер олар, төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға арналған арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмекті біріктіріп орнына жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау көзделеді.

Жан басына ең төменгі күнкөріс деңгейі 2018 жылдың 1 тоқсанына 28482 теңгеге дейін өседі.

Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 %-ынан төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсететін болады. Сонда күнкөріс деңгейінің 50 пайызы -14241 теңге құрайды, ол дегеніміз үйге келетін барлық табыстарының (шаруашылықтағы мал басыда табысқа кіреді) жан басына шаққанда 14241 теңгеден төмен отбасылар көмек алуға құқылы деген.

Негізгі мақсаты халықтың өмір сүру деңгейін арттыру, кедейлік ауқымын қысқарту, әлеуметтік масылдықтың алдын алу болып табылады.

Атаулы әлеуметтік көмек жаңа үлгіде шартсыз және шартты ақшалай көмек болып екі түрге бөлінеді.

Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларына (мәселен, қарт зейнеткерлер мен мүгедектер отбасы) немесе еңбекке жарамды мүшелері еңбекпен қамту шараларына объективті себептермен қатыса алмайтын отбасыларына (мысалы, мектеп жасындағы балалары бар жалғызбасты ана) беріледі. Мұндай отбасыларынан жәрдемақы алуы үшін жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысу талап етілмейді.

Мұндай аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тоқсан сайын тағайындалып, ай сайын төленеді.

Шартты ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері бар аз қамтылған отбасыларға немесе еңбекке жарамды аз қамтылған азаматтарға ұсынылады, бұл орайда қойылатын шарт – жұмыспен қамтудың белсенді шараларына олардың міндетті түрде қатысуы. Шартты ақшалай көмек алты айға тағайындалып екі бөліп беріледі. Жұмыспен қамту орталығы мен көмек алушылар арасында 6 айға әлеуметтік келісімшарт жасалады.

Әлеуметтік келісімшартқа қол қоя отырып, тараптар өзара міндеттер алады: жұмыспен қамту орталығы – жұмыспен қамтуға және төлемдерді төлеуге, ал отбасының еңбекке қабілетті мүшелері – отбасын аз қамтылған топ құрамынан шығаруға бағытталған әлеуметтік бейімдеу мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына адал қатысуға міндеттенеді.

Бұл дегеніміз, бүгінгі таңдағыдай тек атаулы әлеуметтік көмек төлеп қана қоймай, мемлекет тарапынан жұмысқа тұруға жәрдемдесуді білдіреді, яғни жұмыссыз жүрген отбасы мүшелері мемлекет есебінен оқуға жіберіледі, жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға орналастырылады, сондай-ақ жеке ісін ашуға немесе бизнесін кеңейтуге микрокредит беріледі.

Сонымен қатар, отбасы әлеуметтік бейімдеу шараларына қатыса алады, олар: тұрғын үй көмегін көрсету, скринингтік тексерістерден өту, әлеуметтік маңызды аурулар бар болған жағдайда емделу, жүктіліктің 12 аптасына дейін әйелдер консультациясына медициналық есепке қою,қаржылық және материальдық көмек көрсету, білім беру мекемелерінде білім алу кезеңіңде азаматтарға әлеуметтік көмек ұсыну сиякты шараларды ауылдық округтерге бекітілген ассистенттер үйымдастырады.

Осылайша, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған отбасыларды немесе азаматтарды кедейліктен шығаруға бағытталған кешенді қолдау тәсілдерінен тұрады.

Сырым аудандық жұмыспен қамту

және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі.