12.10.2017, 15:39
Қараулар: 265
Мамандық таңдау мектептен басталуы керек

Мамандық таңдау мектептен басталуы керек

Кеше Сырым ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі аудандық кеңестің отырысы өтті. Отырысты аудан әкімі Төлеген Төреғалиев жүргізді.

Осы күні маман мен жұмыс мәселесі қоғам үшін өзектіге айналып отыр. Маман бар, бірақ жұмыс жоқ, жұмыс бар, бірақ маман жоқ. Бұл қоғамдық сәйкессіздік өзінің бастапқы салдарын мамандық таңдау мәселесінен алады. Әрине, мамандықтың бәрі жақсы. Бірақ, заманның сұраныс салған мамандығын игеру – ол, ұтымдылық. Сондықтан, жастарды мамандыққа бейімдеуді мектептен қолға алу қажет. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Зәмзәгүл Ерғазиеваның хабарламасына қатысты аудан әкімі Төлеген Төреғалиев осындай пікір айтты. Аудандық білім беру, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Салауат Нұрпейісов аудан жастарының мәдени – көпшілік, бұқаралық шараларға қатысу деңгейінің төмендігін мәселе қылып көтерді. Кітапханаларға баратын жастар да азайған сықылды. Бұл мәселелер аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталыққа да таныс. Аталған орталық қазіргі таңда өңірдегі жастардың қай мәселесіне де араласа алатын әрі нәтиже шығара алатындай деңгейге жетті. Орталықтың басшысы Досжан Тайшиевтің айтуынша, жастар орталығы — бәсекеге қабілетті әрі рухани тәуелсіз жастарды қалыптастырғысы келеді. Ол жұмыстардың алғашқы нәтижелері де жоқ емес.

Отырыстың күн тәртібінде бұдан басқа жастар саясатын қолдау бағытындағы жұмыстар, жастар мен жас отбасылардың еңбегі, жұмыспен қамту, әлеуметтік қамтамасыз ету, жастардың діни бостандығы жайлы мәселелер талқыланды.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар