12.10.2017, 15:29
Қараулар: 403
Тәртіпті әркім өзінен бастауы тиіс

Тәртіпті әркім өзінен бастауы тиіс

07.12.10.17Бүгінгі күні көп азаматтар қоғамдық тәртіпке құрмет көрсету – заң міндеттеген міндет деп ойлайды. Бірақ, ол олай емес. Заңға бағыну деген күннің өзінде, тәртіпті сақтау – ол әуелі, адамның адамдығы.   Қоғамдық тәртіп заңнан емес, әр адамның өзінен басталуы керек. Сырым аудандық ішкі істер бөлімі «Өзіңнен баста!» атты үлкен акцияны тұрғындарға осыны ұғындыру үшін ұйымдастырып жатыр.

Сырым аудандық ішкі істер бөлімінің ЖПҚ учаскелік полиция инспекторларының жұмысын ұйымдастыру инспекторы, полицияның аға лейтенанты Жасболат Мұхамбетжанов пен учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Абат Науашев аудан орталығындағы тұрғындарға түсінік жұмыстарын жүргізуге шықты. Көп ескертулер көлік жүргізушілері мен қоғамдық тамақтану орындарының иелеріне айтылды. Өйткені, мамандардың айтуынша, белгіленбеген орында шылым шегу, тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орынға тастау оқиғалары көбіне көліктегі жолаушылар мен тамақтану орындарына келген азаматтардың тарапынан болып жатыр екен. Тәртіп сақшылары тұрғындарға құқықбұзушылықтың салдарының басы айыппұлдан басталып, аяғы бас бостандығынан айыруға дейін апаратынын ескертті. Ескерту еленбеген жағдайда шара қолданылады.

Өкінішке орай, жағдайды шара қолдануға дейін шиеленістірген адамдар бар екен. Биыл ҚР Қылмыстық кодексінің 434 бабы бойынша қоқыс қалдықтарын лақтырған 19 хаттама толтырылып, іс аудандық сотқа жолданған. Тиісті емес орында темекі шегіп басы бәлеге қалғандардың саны тіпті көп. Биыл бұл іс бойынша 65 тұлғаның үстінен хаттама жазылып, айыппұл салыныпты. Көріп отырғанымыздай, заң бұзу – азамат үшін ұят қана емес, экономикалық шығын да. Қазіргі күні айыппұлдың мөлшері аз емес екенін ел біледі. Бұл шығын кімге керек? Сондықтан, тәртіпті болуды әркім өзінен бастаса екен.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар