21.09.2017, 16:58
Қараулар: 456
Алаш арыстары ұлықталған күн

Алаш арыстары ұлықталған күн

06.21.09.17Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылында Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуы мен осы үкіметтің көрнекті қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтың туғанының 130 жылдығы кең көлемде аталып өтілді. Айтулы даталардың Жымпиты жерінде аталып өтуі әрине тегіннен емес. 1918 – 1919 жылдары дәл осы Жымпитыда Алаш автономиясының Батыс бөлігін басқару жөніндегі бөлімше жұмыс жасады. Бөлімшеге Алашорда үкіметінің мүшесі, заңгер Жаһанша Досмұхамедов төрағалық еткені тағы белгілі.

Сырым ауданының әкімдігі мен Айболат Құрымбаев жетекшілік ететін «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қоры әріптестікте ұйымдастырған шараға алыс – жақыннан қонақ көп келді.

Аудан Алаш тойының меймандарын дәстүр бойынша Сырым батырдың кесенесінің тұсынан қарсы алды. Қарсылау қазақы қалыпта ақ дәммен, ауылдың сал – серілерінің салтанатымен болды.

*     *   *

Сырым ауданының орталығындағы Өлеңті орта мектебіне 2006 жылы заңгер, Алашорда үкіметінің қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтың есімі берілді. Міне, осы мектепте жаңадан мектеп музейі ашылды.

Музей 9 бөлімнен тұрады. Оның ішінде ауданның тарихы мен Өлеңті ауылының тарихына ерекше көңіл бөлінген. Мектеп тарихы мен этнопедагогика өз алдына. Батыр Сырым Датұлы мен қайраткер Жаһанша Досмұхамедов сияқты тұлғалар үшін арнайы бөлімдер ұйымдастырылған. Музейді салтанатты ашу құрметі жазушы, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай мен белгілі өлкетанушы Жайсаң Ақбайға ұсынылды.

Биылғы жылы мектептің алдындағы алаңда Жаһанша Досмұхамедовтың бюсті орнатылғанын да айта кету керек.

*     *   *

Жымпитыдағы Алаш мұражайы да жаңғырту жұмыстарынан кейін келушілерге қайта таныстырылды. Жымпитыдағы Алаш мұражайы 1918 – 1919 жылдары Алаш автономиясының Батыс бөлігін басқару жөніндегі бөлімше болған тарихи ғимаратта орналасқан. Ғимарат мемлекеттік қорғауға алынған.

С.Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаеваның айтуынша, Алаш мұражайының 4 бірдей залы да жаңғыртудан өткен әрі жәдігермен толықтырылған. Негізгі зал Алашорда үкіметінің қайраткерлері Жаһанша Досмұхамедов пен Халел Досмұхамедовтың жұмыс бөлмесіне арналған. Бұл бөлмені жазушы Хамза Есенжанов өзінің «Ақ жайық» романында жақсы суреттейді. Мұражай бөлмесі жазушының сол суреттемесі бойынша жасақталған. Жаңа жәдігерлер деп, Жаһанша Досмұхамедовтың зайыбы Ольга Константиновнаның қайын сіңілісі Қанипа Шәріпқызына 1964 жылы сыйлаған кілемін, содан кейін Жымпитыдағы Алаш қайраткерлерінің басқосуы өткен трактирдің иесі Иван Федяниннің скрипкасын айтуға болады. Мұражайдың төменгі қабаты ХХ ғасырдың басындағы тұрмыстық бөлме мен сол кезеңнің ақсүйектерінің бөлмесіне арналған.

Көз тоқтататын тағы бір дүние – ХХ ғасырдың басында қолданыста болған пәуескенің көшірмесі. Пәуеске Алаш мұражайының ауласында тұр.

Мұражай кезінде Күнбатыс Алашорда үкіметі орнаған тарихи ғимаратта орналасты дедік. Жазушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбайдың осы ғимаратта тұрғандағы тебіренісі былай болды:

— Мына үй – тарих болған үй. Мен дәл осы тұрғанда көптен бойыма сіңбеген, сезінбеген тебіреністе тұрмын. Өйткені, 1917 жылы 11 – 12 мамыр күні жасыл туға жазылып, қазақтың рухани өмірі мәңгілік азат болды деп, «Азаттық жасасын!» деп жасыл ту тігіп, арыстардың анттасқан жері – осы жер. Сол жерді, сол үйді, сол ту қадалған қабырғаны көру – Жаһанша мен Халел жариялаған үкіметтің тура салтанатында тұрған сияқты болу. Осы тарихи үйдің жандануы, жаңғыруы түгел тарихшыларға, ауыл адамдарына, бүкіл қазаққа ұлы рухтың белгісін орнатты деп ойлаймын.

Жымпитыдағы Алашорданың үйі – қазақтың тәуелсіздігінің бас ғимараты. Семейдегі, Торғайдағы үйлер, өкінішке орай тарихи тұрғыдан жойылып кетті. Алдағы уақытта, кейінгі ұрпақ қазақтың бостандығы қайдан басталды делінгенде, қазақ Азаттығының қағбасы деп осы үйді іздеп келетініне мен сенімдімін.

*     *   *

Түске жақын аудандық мәдениет үйінде «Азаттық таңын аңсаған Алаш арыстары!» атты республикалық ғылыми — тәжірибелік конференция өтті. Конференция жұмысына қатысушыларды құттықтап Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев пен Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев сөз сөйледі.

Конференция отырысы панельдік режимде өтті. Отырысқа алаштанушы Тұрсын Жұртбай, Батыс Қазақстан инновациялық – технологиялық университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы, доцент Дәметкен Сүлейменова, Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің профессоры, археолог Амантай Исин, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педогогикалық университеті тарих және құқық институтының директоры, тарих ғылымының кандидаты, профессор Болат Жұмағұлов, ҚР мемлекеттік тарих институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Құндызай Ерімбетова, Астрахань мемлекеттік университетінің Ресей тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Андрай Сызранов, белгілі алаштанушы, қоғам қайраткері, әнші, сазгер Құсмілия Нұрқасым, «Әділет» қоғамдық – ағартушылық ұйымының мүшесі, биология ғылымдарының кандидаты Шолпанай Аманжолова, Қазақ мемлекеттік қыздар педогогикалық университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доктор Ердәулет Берлібаев, сонымен қатар Алаш қайраткерлері Ж.Досмұхамедовтың, Бижан Жанқадамовтың, Бақтығали Бисеновтың, Медет Тілеповтың ұрпақтары қатысты.

Түстен кейін конференция қатысушылары секциялық отырыстарға бөлінді.

*     *   *

Кешкілік Сырым аудандық мәдениет үйінің сахнасында Жымпиты және Бұлан халық театрының әртістері «Жанша» қойылымын қойды. Қойылымның сценарийі – өлкетанушы Жайсаң Ақбайдың «Жанша» атты кітабындағы деректердің негізінде жазылған. Қойылымның қоюшы режиссері – Дамира Әбдірахманова.

Қойылым Алашорда үкіметінің мүшесі әрі көрнекті қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтың қайраткерлік жолы туралы баяндайды. Көрермен сахнадан Жаһанша Досмұхамедов, Халел Досмұхамедов, Бақытжан Қаратаев, Қуанай Хазірет сияқты қазақ зиялыларының бейнелерін көре алады. Осы тұлғалардың өзара диалогы арқылы қойылымның негізгі идеясы айтылады.

Қойылымның сәтті шығуы үшін театр әртістері Жоламан Еркін, Сәндібек Өтеғалиев, Ақкүміс Мұрадымова үлкен шығармашылық жұмыстар жасаған. Осы сияқты Нұрсұлтан Қалешов және Армат Алдамжаровтың басты кейіпкерлерді жақсы сомдағандығын атап кетуге болады.

Қойылымға көрермен де, автордың өзі де жақсы баға берді. Қойылым соңы аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева сөз сөйледі.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

 

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар