21.09.2017, 16:56
Қараулар: 528
Сырым баба ізімен

Сырым баба ізімен

07.21.09.17Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты, сонымен қатар, дала реформаторы, батыр Сырым Датұлының 275 жылдығына орай Сырым ауданының делегациясы 4-10 қыркүйек аралығында Сырым бабамыздың зираты жатқан жерге араға 10 жыл салып «Жымпиты – Нүкіс – Гүрлен – Үргеніш» бағытында экспедицияға барып қайтты.

Экпедицияның мақсаты: – Сырым Датұлының жатқан жеріне барып зиярат ету және сол жақтаға қазақ ғалымдарымен байланыс орнатып, батырға қатысты деректерді де іздестіру болатын. Сапар сәтін салып ойдағыдай аяқталды. Нүкіс қаласындағы «Ғылыми зерттеу орталығының» басшылығы мен тарихшылыры қал – қадірінше көмек көрсетті. «Әр елдің салты басқа» демекші, заңдары да басқаша болып шықты. Десек те, ол жақтағы ағайынның қазақ десе ерекше ілтипатын байқадық. Риза болдық. Қарақалпақстан жер көлемі біраз бөлікті алып жатқанмен билік басын өзбек ағаларымыз бермесе керек. Нүкіс астанасы болып саналатын ол елдің қарамағына он төрт аудан кіреді. Бәрінің де қала статусы бар және атаулары да көне қалпында сақталғаны қызықтырады екен. Қоңырат, Қаңлыкөл, Бируний, Қараөзек, Тақтакөпір, Қожелі (Қожалар елі деген сөзден шыққан), Мойнақ деп аталатын қала атаулары қазаққа тән атауды иелік еткендері көрініп тұр. Өзін Мақсат Абдыбаевич деп таныстырған академияның басшысы бізді жылы қабылдап, орналасуымызға ықпал жасап, жол басшымызды да сайлап берді. Ал, бұрындары Жымпитыға келіп кеткен тарихшы ағамыз Асқар Жұмашев жол көрсетіп қана емес, біраз мәселемізді де шешіп беріп, алтын уақытын бөлген асыл азамат. Өзінің де кенже ұлына Сырым деп ат берген ағамыз, Гүрлендегі Сырым батыр екеніне нақты дәлелдер мен дәйектерін алға тартып, біраз жайға қанықтырды. Сонымен қатар, қазақтың Қарақалпақстанда жатырған біраз батырларын жіпке тізіп айтып берді. Солардың қатарында, Бестөбедегі табын руының батырын, Қоңыраттағы Дәуіт батыр мен ел іргесі шекаралар түйісетін тұстағы Жанғожа мен Көтібар батырлардың тарихын айтып қызықты жайттармен қанықтырды. Әсіресе, Көтібар батырдың мәйіті құбыладан теріс бағытта жатыр екен. Оның сыры, өзінің айтуы бойынша жерлепті. Алып денелі батыр, бойы екі метрден артық болса керек, «-Ертең мен өлгенде, мәйітімді құбылаға қаратып емес, аяғыммен жерлеңдер, ана орыстарды өлсемде, шекарадан өткізбей аяғыммен тіреп жатайын, деп» өсиет еткен көрінеді. Сондықтан, батырдың сөзі екі болмай солай жерленген екен. Иә. не десекте қазақтың батырлары, өз жері үшін екі елі шегінуге жол берместен жандарын пида еткеніне тағы бір көз жеткізесің. Не деген жанкештілік, қасық қандары қалғанша туған жері үшін жандарын пида еткен асыл ерлер дейсің. Әрбір қала мен өзбек шекарасы қатаң бақылауға алынған елдің ішкі тәртібі қатты таң қалдырады. Тіпті, шетел азаматтарына телефон номерлерін де сатпайды, артық уақыт та артық қимыл да жасауға болмайтын елдің өзіндік ерекшеліктерін байқайсың. Хорезм ауданына қарасты Гүрлен елді мекеніндегі «Ғайып ата» қойымшылығына барып зиарат етіп, ол жерде де біраз жайға қанықтық.   Жып – жинақы мазар басындағы кездесу мен зиярат ету рәсімі де өз дәрежесінде өтті. Өзін Қуанышпын деп таныстырған шырақшы өзбекке ұқсап кеткенімен қазақтарға тән елгезектік пен оларға деген ерекше құрметін көрсетіп бақты. Біздің келгенімізге сол жердегі адамдардың қай – қайсысы да риза болып, көңілдерін білдір жатты. Қазірде Ғайып атаны бәрі де Сырым ата деп атап кеткен. Оның үстіне өздерін «Сырым руынанбыз» дейтіндер де бар болып шықты. Ескі Үргенішке өте алмайтын болғандықтан, кейін айналып, Амударияның үстімен Міскін ауылына барған болатынбыз. Ол жақтағы үлкен кісілер Қазақстанға кетіп қалып, кездесе алмадық. Тарихшылар ол адамдармен сөйлесіп, рудың қайдан шыққанын біліп беретін болып сөз байласты. Ол жақтағы мәселелі тақырып, Қарақалпақ жеріндегі қазақтардың зерттелуі кенжелеп қалса керек. Кезінде Хиуа хандығына қоныс аударған аталарымыздың бүгінгі саны мен тыныс – тіршілігі жөнінде мардымды мәлімет жоқ болып шықты. Оның үстіне Сырыммен бірге барған елу үй мен жиырма батырдың ұрпақтар қайда кетті? – деген де сұрақ туындайды. 1992 жылы Ғайып ата мазары арнайы Сырым қойымшылығы деп танылған соң, сол адамдардың ұрпақтары өздерін «Сырым руымыз» деп айта бастамады ма екен деген де күдігіміз бар. Ол жайттарды анықтау уақыттың еншісінде. Қалай болғанда да, қазақ батырлары жерленген қойымшылықтар бар және белгілі болып отыр. Енді тек ізден адасып қалмай іздестіре беру керек шығар. Араға он жыл салып барған сапарымыз аяқталғанмен, өзіндік салмағын да арта келген секілді көрінеді. Кейінгі тарихпен айыналысам дейтін жастар болса, ол жақта қазақтарға қатысты ашылмаған ақтаңдақтар жетіп артылады. Соңғы 22 жыл бойы құмнан аршылып алынып жатырған қалалар аспан асты музейлерге айналуда. Біздің заманымызға дейінгі екінші ғасырға тиісілі Ақшахан деп аталатын жаңа қаланы тазалау жұмыстры жүріп жатырған жерге де соғып кеттік. Ол жерді осы уақытқа дейін жергілікті халық «Қазақ жатқан» деп атап келген. Өткен ғасырдың 30 жылдарындағы ашаршылықта ауып барып аштан қырылған қазақтар жерленгеннен солай аталып кетсе керек. Осы қаланы қазу барысында 19 қазақтың сүйегі де табылыпты.

Биылғы жыл басынан бері жоспарлаған үшінші сапар да аяқталды. Экпедициялардың өтуіне қолдау білдірген Батыс Қазақстан облыстық және Сырым аудан әкімшілігіне, ішкі саясат бөлімі мен аудандағы қоғамдық бірлестіктерге айтар алғысымыз шексіз. Сырым тарихы бүгінмен шектелмесі анық. Ол біздің өткеніміз ғана емес, болашағымыз. Осы орайда салмақты дүниелер жасалып, келешек ұрпақ үшін руһани азық болар дүниелеріміз көп болғай.

Айнагүл Мағауияқызы,

Сырым Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейінің меңгерушісі,

экпедиция жетекшісі

Жымпиты – Нүкіс – Гүрлен – Үргеніш

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар