21.09.2017, 16:36
Қараулар: 472
Сырым батырдың үзеңгісі

Сырым батырдың үзеңгісі

04.21.09.17Сырым батырдың үзеңгісінің бір сыңары ойламаған жерден табылды. Жәй үзеңгі емес – күміс үзеңгі. Күміс үзеңгінің табылуының тарихы қызық. Алматыда тұратын табын руының азаматы шақырған қонақтық дастархан басында оралдықтар Байбақты Сырым батыр жайлы әңгімелейді. Сол кезде қонақтықта бірге отырған Қайыпқали деген кісі үйінде Сырымның бір сыңар күміс үзеңгісі, белайылдың басы, күміс шақша сақтаулы екенін айтады.

Оралдықтар айтқан бұл әңгіме менің құлағыма тиіп, Қайыпқалидың ұялы телефонын сұрап алып, Алматыда тұратын онымен хабарластым. Бұл киелі де құнды заттар оның қолында қалай жүргенін сұрадым.

Мен, Дүйсенов Қайыпқали 1951 жылғымын. Руым Табын — деді ол. Көп жыл Қарақалпақстанда тұрдым. Мамандығым – құрылысшы – прораб. Елде жаппай қысқарту басталып, жұмыссыздық белең алған кезде қызметсіз қалдым. Бала – шағаны асыраудың бір жолы осы шығар деп ауыл – ауылды, үй – үйді аралап, темір – терсектер (антиквар) жинадым. Жинағандарымды керек деген кісілерге сатып, қаражат жасадым. Ауыл – аймаққа, өзбек ағайындарға антиквар жинаушы ретінде танылдым.

Өзбектер Сырымның қазақ батыры екенін білмейді. Бір күні үйіме өзбек кемпірі келді. «Сені темір – терсек жинаушы деп естідім. Менің шалым көзі тірісінде бір өзбектен пұлын төлеп, қымбат қаққа сатып алған бір сыңар күміс үзеңгі мен белайыл тартпасының басы, күміс шақша бар. Еліне жете алмай жолшыбай қайтыс болып, біздің Гүрлен ауылындағы Майлышеңгеге жерленген адамның заттары» деп еді шалым. Ғайыптан келген кісіні біздің ауылдың өзбектері «Ғайып ата» деп атайды. Мына үзеңгі мен белайыл тартпа сол Ғайып атаның заттары. Ал шақша оныкі ме, әлде өзгенікі ме, ол жағын білмеймін. Бұл заттарды қымбат қаққа сатып алған шалым қайтты. Осы заттар үйімде босқа жатқанша, менің күнкөрісіме қажетті болсын деп ойлаймын. Алсаң саған сатып, пұл жасағым келеді. Алсаң жүр», — деді кемпір. Жеңіл машина жалдап, әлгі кемпір екеуміз оның үйіне бардық. Айтқан заттарын қолыма ұстап қарап көрдім. Күмістен жасалған үзеңгі екен. Үзеңгі мен белайыл тартпаны, шақшаны кемпір айтқан қымбат қаққа сатып алдым.

Мен 45 — размерлі аяқкиім киетінмін. Үйге келгесін, қазаққа тән қызығушылықпен оңашада үзеңгіге аяғымды сұғып көрдім. Менің түсінігімше, үзеңгіге аяғыңның басы кіреді ғой. Менің аяғым үзеңгі ішінде ойнап тұрды. Осыған қарап үзеңгі иесі тұлғалы, ірі адам болған ғой деп ойладым. Сырым батырдың заттары ғой деп ешкімге бермей, содан бері осы жәдігерлерді сақтап келе жатырмын, — деді Қайыпқали.

Мен оған биыл, 2017 жылдың күзінде сырымдықтар Сырым батырдың туғанына 275 жылдығын атап өтпекші. Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылында Сырым Датұлы атындағы аудандық тарихи – өлкетану музейі бар. Музейдің директоры — Айнагүл Мағауияқызы Ойшыбаева деген қарындасыңыз. Сіз айтқан дүниелер аудандық музейге таптырмайтын жәдігер — дедім.

Ол менің сұрауым бойынша сол күміс үзеңгі мен айыл тартпаның доғасын, күміс шақшаның суретін ұялы телефоны арқылы маған салып жіберді (Суретте).

Қайыржан Хасанов,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Орал қаласы.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар