14.09.2017, 16:39
Қараулар: 422
Сырымдықтардың қала күніне тартуы

Сырымдықтардың қала күніне тартуы

08.14.09.17Сырым ауданының делегациясы Қала күні қарсаңында Орал қаласына өнер мен ұлттық салт-дәстүрден тарту-таралғы жасап, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында көлемді мерекелік шара ұйымдастырды. Орталықтың жанынан Сырым ауданының ақшаңқан киіз үйі құрылып, оның ішінде ақсақалдарға, әжелерге, қала тұрғындары мен қонақтарына арналып, ұлттық дәм ұсынылды. Киіз үйдің ішін тамашалаған оралдықтар Сырымнан жеткен сыбағадан ауыз тиді. “Ақ ниет” әжелер ансамблі ауылдың алты ауызын айтып, қонақтардың көңілін көтере түсті. Сырым ауданынан қалаға қоныс аударған ардагерлер бірі-бірлерімен жүздесіп, арқа-жарқа амандасты.

Сырым аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі Алашорда Үкіметінің құрылғанына 100 жылдығы, Сырым Датұлының 275 жылдығы, Жаһанша Досмұхамедовтың туғанына 130 жылдығына орай кітап көрмесін ұйымдастырды. Кітаптардан Сырым шыққан төбедегі кесененің макетін жасап, қонақтардың назарына ұсынды.

Киіз үйдің алдында Жымпиты халық театры театрландырылған көрініс қойып, Сырымның, Жаһаншаның, Абдолланың, Қадырдың бейнесін әртістер тамаша сомдап, бабаларымыз ел бастап, сөз бастаған сол заманды көз алдымызға әкелді.

Сырым аудандық “Қайсар” спорт клубының ұйымдастыруымен ұлттық ойындарды насихаттау және дәріптеу бағытында ләңгі тебу, асық ату және арқан тартыстан жарыстар ұйымдастырылды. Айта кетерлігі, алаңда ұйымдастырылған ойындарға өзге ұлт өкілдерінің жасөспірімдері де өте зор белсенділік танытты. Нәтижесінде асық атудан өте жоғары көрсеткіш көрсетіп, суырылып алға шыққан Д.Қожхаиров, ләңгі тебуден Д.Тілепбергенов және арқан тартыстан “44 Мектеп” құрамасы «Қайсар» спорт клубы атынан арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының жанында Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы қолөнер көрмесін ұйымдастырды. Мұнда шығармашылық орталықтың үйірме жетекшілері М.Макарова, Н.Ханафин, А.Тасановтың алтын қолынан шыққан түрлі әшекей бұйымдары, ағаштан ойып жасалған домбыра макеттері, 3D принтерден шығарылған бұйым сынды туындылар көрініске қойылды. Сондай-ақ, ауданның көрінісін бейнелейтін фотосуреттерден де көрме ұйымдастырылды. Шығармашылық орталықтың үйірме жетекшілері Сырым ауданынан Орал қаласына қоныс аударған ардагерлерге естелік ретінде магнитті суреттер сыйға тартты.

Сырым ауданының делегациясының сапары аудан көркемөнерпаздарының «Жасай бер, жарқырай бер, құтты мекен Оралым» атты концерттік бағдарламасымен қорытындыланды. Алғаш кеш басталысымен қазақ биімен тәнті еткен республикалық, халықаралық би фестивальдерінің лауреаты үлгілі «Жауқазын» би ансамлі болды. Сонымен қатар қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алған ақындар Ғ.Қараш, Ж.Молдағалиев, Қ.Мырзалиев, А.Бақтыгереева сынды ақындарымыздың туындылары оқылды. Кешегі Ақан мен Біржанның ізіндей болған, дәстүрлі ән-күй өнерін дәріптеп жүрген республикалық жыршы-термеші байқауларының лауреаттары М.Мамықов, М.Мұқанов, А.Алдамжаров, Д.Қажғалиевтер дәстүрлі ән шашу жасап, көрерменнің қошеметіне ие болды. Аудан әкімі Т.Төреғалиев барша оралдықтарды қала күнімен құттықтап, қала күніне ауданның арнайы сыйлығын табыс етті. Өз сөзінде аудан әкімі әр отбасына бақыт пен береке, туған жерге ынтымақтастық пен бейбітшілік және қаламыздың дамуындағы оңды істерге үлкен жетістіктер тіледі. Кеш соңында Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қ.Мұқанғалиев Қадырдың елі – Сырым ауданы көркемөнерпаздарына қала жұртшылығының атынан көтеріңкі көңіл күй сыйлағандары үшін ризашылығын білдірді.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА,

Мархат ГУМАРОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар