14.09.2017, 16:25
Қараулар: 817
Молдағали Жолдыбаев — ағартушы, қоғам қайраткері

Молдағали Жолдыбаев — ағартушы, қоғам қайраткері

«Егемен Қазақстан» газетінен біраз бұрын журналист Қазыбек Құттымұратұлының «Біз таныған төртеу» деген мақаласын оқып, елең ете қалдым. Сол мақалаға негіз болған суреттегі алты кісінің бірі кейінгі жылдары ұмтыла бастаған ірі тұлға Молдағали Жолдыбаев екенін білдім. Тарихи сурет 1922 жылдың 11 маусымы күні түсіріліпті. Бұл кезде М. Жолдыбаев Орал губерниялық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Бірақ, шамасы, сурет түсірілгеннен кейін көп күн өтпей, Орынборға қызметке ауысып,   Халық ағарту комиссариаты жанындағы Академиялық орталықтың (қазіргі Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясының ізашары) төрағалығына тағайындалған.

Молдағали Жолдыбаев 1887 жылы Орал облысының Ілбішін уезінің Қурайлы болысында өмірге келді. 1910 жылы Орынбордағы мұғалімдер мектебін бітіріп, сегіз жылдай Бұлдырты, Жалаңашкөл болысының мектептерінде ауыл мұғалімі болады. Сол тұста “Айқап”журналы мен “Қазақ” газетінде түрлі әлеуметтік мәселелерді көтерген мақалаларын жариялайды. 1917-1918 жылдары өткізілген Орал облысы қазақтарының бірінші, екінші съездерінің ұйымдастыру жұмыстарына белсене араласты. Алайда, 1918 жылы ақпан айында Қаратөбеде өткен үшінші съезде бай мен кедейге бірдей салық салу керек деген шешіммен келіспей, Күнбатыс Алашорда қайраткерлерімен байланысын үзген. (Бұл жөнінде С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романында тарихи шындыққа сай жазылған).   Бұдан кейін біраз уақыт ауылда болған.   1919 жылдың күзінде большевиктер партиясына кіріп, Жымпиты уездік ревкомына мүше, кейін төраға болып сайланған. М.Жолдыбаев уездік ревкомда қызмет жасаған кезінде мектептер ашу ісіне, сауатсыздықпен күреске көп көңіл бөлген. Белгілі зерттеуші Мақсат Тәжмұраттың жазуынша, 1922 жылы Орынборға Академиялық орталықтың төрағасы болып келгеннен кейін Қазақстанды зерттеу қоғамының жұмысына белсене араласқан. А.Затаевичке   көмектесіп, ұлттық музыка өнерінің шырақшысы болған. «Еңбекшіл қазақ» газетінің жауапты редакторы кезінде (Мақсат Тәжімұрат аталған басылымда 1923-1924 жылдары жауапты редактор болған дейді. Темірбек Қожакеевтің дерегі бойынша, 1924 жылдың сәуірінен бастап) Темірбек Жүргенов, Ерғали Алдоңғаров, Сәбит Мұқанов сияқты тұлғаларға бағыт-бағдар беріп, көптеген қаламгерлерді тәрбиелеген.

Молдағали Жолдыбаев жиырмасыншы жылдары бір мезгілде бірнеше қызметті қатар алып жүрген. Профессор Тұрсынбек Кәкішевтің «Сәкен Сейфуллин» кітабында Совнарком Сәкеннің шаруаны кімге тапсырарын білмей: «Молдағали Жолдыбаевтың бір мойынында 3-4 міндет бар» деп іштей қиналғаны суреттеледі. Сол үш-төрт міндеттің барлығын да аса жауапкершілікпен атқарған. Бұған 1933 жылы наурыз айында «Жаңа мектеп» журналының атының өзгеруіне байланысты жазылған «Журналдың аты өзгерді» деген мақаладағы мына жолдар нақты мысал бола алады:                   «… журналда редколлегия мү­шесі боп тағайындалғандардан: Сара, Ілияс, Нұғман, Сәкен, Хамза, Молдағали сынды кәмөнестерден соңғы екеуінен басқасы өз міндеттеріне өте салақ болды. Жорналға бас көз болмады. Керек десе бір тілім де мақала жазбады». (Қазақстан мектебі, 7-бет, №8, 2005).

Жиырмасыншы жылдардың басында Қазақ автономиялы республикасының алдында тұрған үлкен жұмыстың бірі сауатсыздықпен күресу болғаны белгілі. Халық ағарту комиссариатының ғылым, баспасөз, әдебиет ісімен айналысатын академиялық орталығы   сол кезде мектептерге   ұлт тілінде оқулықтар дайындап берумен айналысты. Бұл жауапты істі Молдағали Жолдыбаев Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Телжан Шонанұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Елдес Омаров, Қажым Басымұлы, Шамғали Сарыбаев сияқты педагогтармен бірлесіп жасады. Байырғы ұстаз ретінде өзі де оқулық жазуға белсене араласты. Телжан Шонанұлы екеуі “Рабочая книга для чтение” кітабын жазды. Болашағынан үміт күтетін жастарға жол көрсетті. Мұхтар Әуезов, Әлібек Қоңыратбаевпен бірге ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихы монографиясын , М.Қаратаевпен бірлесіп Қазақ әдебиеті хрестоматиясын, т.б. оқулықтар жазды. 1925 жылы “Жаңа мектеп” журналын ұйымдастырып, тұңғыш редакторы болды. 1929-1932 жылдары Қазақ педагогикалық институтында әдебиеттен дәріс жүргізді. 1933-1937 жылдары Марксизм-ленинизм институтының Қазақ филиалының қызметкері болды. Сол жылдары «Саяси сауат» кітабын жазған. Н.Манаевпен бірге Лениннің кейбір шығармаларын аударып, саяси аударма ісінің қалыптасуына атсалысқан.

Молдағали Жолдыбаев қазақ әдеби сынының қалыптасуында да өз қолтаңбасын қалдырды. Талай шығарманы солақай сыннан арашалап, әділ бағасын берді. Ғ.Мүсіреповтің естелігінде М.Әуезовтің “Қилы заман” повесі мен С.Сейфуллиннің “Көкшетау” поэмасының жарық көруіне тікелей себепкер болғаны былайша айтылады: «Көп ұзамай, екі ірі шығарманың айналасында тартыс басталды:біреуі Сәкеннің «Көкшетау» поэмасы, енді екіншісі Мұхтардың «Қилы заман» романы. Бейімбеттің бет алысы- екеуін де басу керек. Газет айналасы, «Каз АПП» төңірегі әр түрлі шалғай-шалыс ойда. Екі шығарманы редколлегияға салдық. «Көкшетау» бірауыздан мақталып өтті. Коллегияда бірауыздылық бола қоймаса да бөгесінге жол жоқтығын көрнекті әдебиетші Молдағали Жолдыбаев бірден ескертті. Мұхтар романын таң ата бітірдік… Алғы сөз жазып басуға ұйғардық. Бұл қаулыға да Молдағалидың үлкен әсері болды». (Ғ.Мүсірепов, Таңдамалы шығармалар, І том, 276-бет, «Жазушы», 1980).

Молдағали Жолдыбаев-көрнекті қоғам қайраткері, ағартушы-педагог, публицист, әдебиет сыншысы. Өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы оқу-ағарту саласы мен мәдени дамуымыз туралы сөз болғанда Молдағали Жолдыбаевтың аты айтылмай қалмайды.   Бір өкініштісі, әлі күнге сол тарлан тұлғаны тани алмай келе жатырмыз. «Айқап» журналының кітап болып шыққан нұсқасында Молдағали Жолдыбаевтың орнына Мұстақым Малдыбаевтың суретін қателесіп беріпті. Айтылмай жүргендіктен шығар, көзі ашық деген жандардың өзі де ардагер азаматты біле бермейді.

Молдағали Жолдыбаев Алаш қозғалысымен байланысты болғаны үшін 1938 жылы атылған. Тұлпар текті жан өмірде перзент көрмеген екен.   Биыл қайраткердің туғанына 120 жыл толады. Бұл мерейжас   өзі   мұраттас болған Алашорда үкіметінің құрылуының 100 жылдығымен   тұспа-тұс келіп отыр.

С.Зиятов,

Бұлан орта мектеп-балабақша кешенінің тарих пәнінің мұғалімі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар