14.09.2017, 16:21
Қараулар: 410
Есімі еленбей жүр

Есімі еленбей жүр

04.14.09.17Сәтіғали Құтқожин 1888 жылы Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауданының 4 — ауылында дүниеге келіпті. Ол — Қазан төңкерісінен бұрын оқып, білім алған зиялылардың бірі. Тайпақ ауданының 4-ауылындағы орыс – қырғыз (қазақ) училищесін бітіріпті. Мұсылманша да, орысша да аса сауатты, екі тілді де бірдей меңгеріпті.

Сәтіғалидың еңбек жолының Қаратөбемен байланысы 1916 жылдан басталса керек. Себебі ол 1916 жылы Қаратөбеде байланыс бөлімін басқарыпты. Алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі — қаратөбелік Бисенғали Әбдірахманов Қазақстан Республикасы Президентінің Мұрағатында сақтаулы естелігінде 1916 жылы Қаратөбе пошта-телеграф конторының бастығы Сәтқали (құжатта солай) ұйымдастыруымен Ақпан төңкерісінен соң аудандық кооператив ашылғанын, ол халықты мануфактурамен жабдықтағанын жазған.

Сәтіғали Құтқожин 1916 — 1920 жылдары — Қаратөбеде, Оралда, Ойылда қызмет істеген кезеңде ол Алаш қайраткерлерімен бірге жүрулі. Батыс Алашорданың басшылары Халел Досмұхамедов және Жанша Досмұхамедовпен, дәрігер Иса Қашқынбаевпен, төре тұқымынан шыққан әнші Шынтас Қаратаевпен, Батыс Алашорданың кеңсе қызметіне араласқан туысы Рахметолла Қаржаубаевпен дос — жолдас болып өтулі.

Сәтіғалидың жұбайы Жеміс Қалауқызы 1965 жылы дүниеден өткенше біраз әңгімелер айтып кетіпті. Соның бірі — ХХ ғасырдың оныншы жылдарында атақты татар ақыны Ғабдолла Тоқай Қаратөбеге келгендігі. Бұл ауылдағы татарлар оған бойкот жариялап, оны қабылдамай, терезе-есіктерін жауып алыпты. Осы уақытта Ғабдолла Тоқайды Сәтіғали қарсы алып, қонақ етулі.

Ақтөбе облысының Ойыл, Темір, Табын ( Байғанин) және Арал аудандарында (қазіргі Қызылорда облысына қарасты) аудандық пошта-телеграф бөлімін басқарыпты. Алаш қайраткерлерімен араласта болғаны Сәтіғалиға «пәле» болып жабысыпты. Темір қаласында 1937 жылы 10 қыркүйекте НКВД органдары «ұлтшыл-контрреволюциялық, көтерілісшіл — террористік, диверсиялық — шпиондық топтың басшысы» деп айып тағып, ұстап әкеткен. Осы 1937 жылдың қыркүйек айының ішінде Ақтөбе қаласының өзінде атылыпты. Олардың мүрдесі қала маңындағы «Пригородный» совхозының №2 бөлімшесі деген жерде 1930-1950 жылдардың құрбандары лақтырылған ортақ шұңқырда жатқаны анықталыпты. Міне, өмір жолы беймәлім Сәтіғали Құтқожин кезінде Қаратөбе ауданының бір мекемесінде басшы болғаны, Батыс Алашорда басшыларымен достық қатынасты болғаны үшін атылып кеткені белгілі болды. Ол Ақтөбе облыстық соты президиумы қаулысымен 1956 жылы ақталыпты.

Қайыржан Хасанов,

Қаратөбе ауданының құрметті азаматың.

Қазақстанның құрметті журналисі.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар