14.09.2017, 16:16
Қараулар: 327
Айлалы ару Айдана

Айлалы ару Айдана

Жосалы жерінде Айдана есімді арудың болғаны жайлы елде аңыз-әңгіме бар. Біз тарихымызды ұлықтап, өткенімізді өшірмеу мақсатында ауданның тарихи жерлері жайындағы деректер мен аңыздарды жариялауды жөн көрдік.

Қазақтың Айдана атты аруы осы қасиет қонған ойлы-қырлы жерді жұртына мекен қылыпты. Өзі байдың қызы екен. Бірде ер-азаматтары жоқ кезде ауылдың жайылыстағы үйір-үйір жылқысын барымташылар айдап әкетеді. Сайланып келген барымташыларға қарсы қауқар қылар ер жоқ, ауыл аңырап қала барады. Сонда үстіне атасының ақ сауытын киіп, қаруын асынып, тұлпар мінген Айдана ару арттарынан түседі. Барымташылардың басшысы: “Сендер қарайламай бара беріңдер, мынау өзі бір өле алмай жүрген жігіт екен, әуселесін өзім-ақ көрейін” деп жалғыз қуғыншыны жолынан тосып алады. Екеуі найзаласа кетеді, кенет барымташы батырдың найзасының ұшы тиеді ме, әйтеуір бір алыс-жұлыста қарсыласының басындағы дулығасы ұшып кетіп, сүмбіл шашы иығынан төгіліп жүре береді. Сонда ер жігіт:”Мәссаған, манадан бері мен әйелге қару сермеп жүрмін бе? Өзің неғылған қызсың? Өле алмай жүрсің бе? Әлде ауылыңда еркек жоқ па?”деп қаруын лақтырып тастап, дүрсе қоя береді. Сонда Айдана ару да тайсалмастан:” Батыреке, мен емес әйел, сендерсіңдер! Себебі, ер-азаматы жорыққа кеткен, ылғи қатын-бала қалған қорғансыз ауылға тап келіп, жылқысын олжалап, дандайсып бара жатқан сендерді қатынға теңесе болар! Ал мен әкемнің малы сұраусыз, жоқтаусыз емес, құрбан болсам да соны сендей барымташыларға сездіріп кетейін деп шыққам!” деп ащы айтады, қатты тиіседі. Барымташылар қыздың бұл сөзіне ұялып, шынымен де өздерінің ісі әділдікке, еркектікке жатпайтынын ойлап, бар жылқыны қайтарып беріпті. Жасында жасындай шиырығып, осындай ерлікке барған Айдана ару кейін ел-жұртына бас болып, “Ел анасы” атанады.

Әзірлеген: Ш.ЯУДАҚЫЗЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар