7.09.2017, 15:45
Қараулар: 314
Құрбан айттағы мерекелік шаралар

Құрбан айттағы мерекелік шаралар

01.07.09.17Барлық мұсылмандар қасиетті Құрбан айт мерекесін сезініп, сырымдықтар ертемен аудандық мешітке жұма күнімен тұспа-тұс келген айт намазына жиылды. Аудандық мешіттің бас имамы Бақытжан Сабыралиев Құрбан айт туралы тағылымды әңгімелермен уағыз айтты. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев жамағатты татулыққа, қайырымдылыққа, жанашырлыққа бастайтын, мұсылмандардың бір-біріне деген өкпе-ренішін ұмыттыратын Құрбан айт мерекесімен құттықтады.

Одан соң жамағат сәждеге бас қойып, айт намазын оқыды. Мешіттің бас имамы Бақытжан Құралбайұлы мұсылмандар үшін ұлық мереке саналатын Құрбан айттың мән-маңызын кеңінен түсіндіріп, құран бағыштады.

Құрбан айт мерекесіне орай кәсіпкер Нұралы Үдреев 1 бас, Исатай Темірбаев 1 бас ірі қара малын құрбандыққа шалды.

*     *     *

Қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай «Жібек жолы» шаруа қожалығының жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты Ғанимат Нұрмұханов «Тамаша» мейрамханасында Жымпиты және Өлеңті ауылдарының қарияларына арнап ас берді.

Ас беруде ақсақалды аталар, ақжаулықты әжелермен бірге аудан әкімі Төлеген Төреғалиев те болып, айт мерекесімен жиналғандарды құттықтады.

Ата-баба аруағына құран бағышталып, дұға оқылды.

Ақсақалдар Ғанимат Қайыр­жанұлына алғыстарын білдіріп, Құрбан айтпен құттықтап, сөз сөйледі.

*     *     *

Мұсылмандардың ұлық мерекесі. Құрбан айт күні Сырым саябағында мешіт жамағаты арасында спорттық ойындардан жарыс өтті. Жамағат қол күресі, кір тасын көтеру, арқан тартыс бойынша бақтарын сынады. Жарысқа облыстық «Аманат-Жайық» қоғамдық бірлестігі демеушілік етіп, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар