29.08.2017, 10:36
Қараулар: 402
Тамыз кеңесі

Тамыз кеңесі

03.29.08.17Аудандық мәдениет үйінде Сырым аудандық білім беру бөлімінің педагог қызметкерлерінің 2017 жылғы аудандық тамыз кеңесінің пленарлық бөлімі өтті.

Жиынға аудан әкімі Төлеген Төреғалиев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Зәмзагүл Ерғазиева және мектеп директорлары аудан ұстаздары, жас мамандар, ауылдық округ әкімдері қатысты.

Биыл құрылған аудандық ардагер ұстаздар кеңесінің төрайымы болып Гүлбақша Ерғалиева сайланды. Білім саласында ұзақ жыл еңбек сіңіріп, зейнет жасына жеткен ұстаздарға, қолдарына дипломын алып, ұстаздық қызметке кіріскелі отырған жас ұстаздарға сый-құрмет көрсетілді.

Тамыз мәслихаты биыл «Қазақстанның жаңғыруы 3.0. – білімнің үлесі» тақырыбында өтті. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы З.Ерғазиева осы тақырыпта баяндама жасады. Қособа ауылдық округінің әкімі Ж.Сатаев, Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектеп директоры Н.Құлмұханова, Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі М.Арыстанов, аудандық балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығының робототехника үйірмесінің жетекшісі А.Тасанов жарыссөзге шықты.

«Балдырған» балабақша­сының бүлдіршіндері өлеңдерімен ұстаздар қауымына шағын құттықтауларын жеткізді.

Аудан әкімі Т.Төреғалиев 2016-2017 оқу жылы білім беру мекемелері арасынан үздік жетістіктерге қол жеткізген ұйымдар мен елеулі еңбек етіп жүрген ұстаздарды марапаттады. Алты ұстаз аудан әкімінің қолынан алғыс хат алды. А.Жұмағалиев атындағы орта мектеп-балабақша кешені «Мемлекеттік грант ұтып алуда үздік нәтиже көрсеткен мектеп», Абай орта мектеп-балабақша кешені мен Көгеріс негізгі мектебі «Оқу тәрбие саласында үздік нәтиже көрсетіп жүрген орта мектеп», «Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы» «Қосымша білім беру жұмысында тың идея енгізген ұйым» аталымдарымен марапатталып, бағалы сыйлықтар табыс етілді. Тоғыз мұғалім облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасына ие болса, аудандық білім беру бөлімінің Құрмет грамотасы 14 ұстазға табысталды.

Сондай-ақ, Қособа ауылдық округінің әкімі Ж.Сатаев «Білім саласына қолдау көрсетіп жүрген ауылдық округ әкімі» атағына ие болды. Тәрбие жұмысы жөніндегі «Жаңашылдар» тобы «Үздік шығармашылық топ» атанды. «Үздік сабақ көрсеткен мектеп әкімшілігі» аталымын М.Қаналиев атындағы Алғабас орта мектеп-балабақша кешені жеңіп алды. «Балалар мен жасөспірімдердің үздік жазғы мектепішілік лагерін ұйымдастырушы ұйым» атағы Көздіғара негізгі мектебіне тиесілі болды.

Салтанатты шара соңында «Ұстазым» әнін түгел зал бірге шырқады.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА