29.08.2017, 10:12
Қараулар: 483
Азаматтардың сотқа сенімі мен құрметінің кепілі

Азаматтардың сотқа сенімі мен құрметінің кепілі

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауында сот жүйесіне деген сенімнің артуына қол жеткізу қажеттілігін атап көрсетті. Заң бұзылған жағдайда адам сотқа баруы тиіс және сол жерде өз құқықтары мен бостандықтары қорғалатынына сенімді болуы қажет.

Әр судьяның парызы – әділ төрелік жасау. Ол қара қылды қақ жарған әділ болса, даугерлер қазылықтың дұрыстығына күмән келтірмейді, ал жауапкер заң бұзғанға жаза бар екенін түсінеді. Дана халқымыз «Тура биде туған жоқ», «Билік айту – оңай, біліп айту – қиын» деп айтуы тегін емес. Демек, талапқа сай білікті де, білімді билердің қызметі мен іс-әрекеті қай кезде де болмасын халық назарында болғанын байқауға болады.

Тәуелсіз сот – адам құқығы сақталуының кепілі. Судьяның шынайы тәуелсіздігі заңды қатаң сақтауы мен өзі қабылдаған шешімнің дұрыстығы мен әділеттігіне деген сенімділігіне негізделеді. Заң алдында және сот алдында барлығы тең болуы тиіс. Судьялардың және отставкадағы судьялардың моральдық-этикалық тұрпатына қарай азаматтар Қазақстанның бүтін сот корпусы қызметін бағалайды.

Сот жүйесінің көпсатылығы жойылды. Ол азаматтар үшін қолжетімді бола түсті, сот ісіндегі әуреге салар жағдайлар түзетіліп, сот төрелігі жедел әрі ашық бола бастады. Жаңа технологиялар негізінде барлық жерде сот барысының бейне және үн жазбасы жасалады. Бұл адамдардың сенімін ұлғайтады.

Судьяларды кадрлық іріктеу жүйесін жаңғырту аясында Жоғары Сот кеңесі дербес мекемеге айналды. Судьяларға қойылатын талаптар барынша қатайтылды. Олардың кәсіби деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін бағалау жүйесі қолданысқа енгізілді.

Судьялардың VII съезінде Сот әдебінің жаңа кодексі қабылданды, онда судьялардың тәуелсіздігі, объективтілігі, теңдігі, адалдығы мен сатылмайтындығы, әдеп нормаларын сақтауы, құзыреттілігі мен ұқыптылығы қағидалары басшылыққа алатыны анық аталып, мінез-құлқының жоғары стандарттары қарастырылды

Судьялардың тәуелсіздігі қағидаты Қазақстандағы сот билігі кепілдігінің бірі болып табылады, ол еліміздің негізгі заңымен бекітілген. Кодексте судьямен қабылданған шешімнің заңдылығы мен негізділігі қандай да бір жария талқылауға немесе оның қызметін қандай да бір бағалауға қарамастан қамтамасыз етілуі тиіс деп белгіленген.

Мысалы, Кодекстің 2-бабына сәйкес, судья өзінің кәсіби қызметін атқарған кезде заңға бағынуға, сырттан ықпал етуге жол бермеуге, кімнен шыққандығына қарамастан қорқытуға, қысым жасау мен құқықтық емес әсерлерге, сот процесіне тікелей немесе жанама араласуға қарсы тұруы тиіс. Судьялардың тәуелсіздігі конституциялық деңгейде биліктің бөліну жүйесімен қамтамасыз етіледі. Биліктің сот тармағы басқа тармақтарға тәуелсіз, және де судьяға ешкім қысым көрсете алмайды. Осы себеппен судьялар ешқандай партияларда, кәсіптік одақтарда болмауға, қандай да бір саяси партияны қолдап сөйлемеуге тиіс, бұл Конституцияның 23-бабы 2-тармағында бекітілген, әрі кодекстің 6-бабында көрсетілген.

Кодекс судьяларға нақты сот ісі бойынша іске қатысушы адамдармен және басқа да мүдделі тұлғалармен заңнамада көзделмеген кез-келген қарым-қатынас деп түсінілетін процестік емес байланыстың болмауын талап етеді, себебі мұндай әрекеттер нақты судьяға немесе ҚР барлық сот жүйесіне деген сенімді жоғалтады.

Судьялардың әділдік және сатылмаушылық қағидаты Қазақстан Республикасындағы әділ сот жүйесінің маңызды элементі болып табылады. ҚР «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңының 28-бабының 1-тармағында судьялар өздерінің беделі мен қадір-қасиетін түсіретін немесе оның адалдығына, әділдігіне, объективтілігі мен алаламаушылығына күмән туғызатын барлық жайттардан аулақ болуға міндетті екені көрсетілген.

Сондай-ақ Кодекс судьяларға сот қызметінің бұқаралық ақпарат құралдарында кәсіби көрсетілуіне ықпал етуді бұйырады. Судья бұқаралық ақпарат құралдарына істі қараудың процестік сатылары туралы мәліметтерді, қабылданған сот шешімдеріне түсіндірмелерді, материалдық және процестік құқықтың нормаларын қолданудың қалыптасқан сот практикасы туралы ақпаратты бере алады. Алайда, ҚР «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңының 25-бабының 3-тармағына сәйкес, судья қаралған немесе қаралып жатқан сот істерінің мәні жөнінде қандай да бір түсінік беруге міндетті емес. Судья өзі қабылдаған сот шешімі бойынша қажет деп тапқан жағдайда ғана түсінік бере алады, тек бұл жерде ол бұны жасауға міндетті емес екенін ескеру қажет.

Әрине, ҚР Конституциясына және ҚР «Ақпаратқа қолжетімдік туралы» Конституциялық заңына сәйкес, азаматтар қандай да болмасын заңмен тыйым салынбаған тәсілмен ақпарат алуға құқығы бар. Онымен бірге, Конституцияның 77-бабының 2-тармағы судьялардың қандай да бір нақты істер бойынша есеп бермейтінін атап көрсетеді. Оның үстіне, судья өзінің өндірісіндегі, сот актілеріндегі іс бойынша өз пікірін қалыптастырады. Сот актілері, өз кезегінде, ашық қолжетімділікте орналастырылуға жатпайтындарын қоспағанда, интернет-ресурстарда орналастырылады. Осылайша, азаматтар және БАҚ өкілдері судьяның пікірімен жарияланған сот актісі арқылы еркін түрде таныса алады. Түсініктеме беру судьяның қарауына қалдырылады.

Судьяның жоғары мәртебелілігі оның адамгершілікті мінез-құлқының, моральдық санасының болуын талап етеді. Этикалық талаптар тек жұмыс бабында ғана емес, тұрмыстық қарым-қатынасқа да таралады. Осы себепті Кодекс судьяларға қатысты бірқатар шектеулер қояды. Мысалы, судьялар жеке таныстық пен байланыстарда талғампаз болуы қажет. Судьяға сот төрелігін іске асыру бойынша қызметті жүзеге асыруына байланысты өзі немесе отбасы мүшелері сыйлықтар, жеңілдіктер және т.б. қабылдамауы тиіс. Судьяның мінез-құлқы бойынша қоғамда мемлекеттің барлық сот жүйесі туралы пікір қалыптасады. Сондықтан Кодекс судьяның кәсіби міндеттерін орындау барысындағы жүріс-тұрысы судьяның адалдығы мен сатылмайтындығы туралы қоғамның сенімділігін қалыптастырып, нығайтуды талап етеді.

Т.Ниязов,

Сырым аудандық сотының төрағасының міндетін атқарушы