29.08.2017, 10:09
Қараулар: 602
Тәуелсіздіктің тірегі — Ата заң!

Тәуелсіздіктің тірегі — Ата заң!

01.29.08.17Мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат ол Конституция. Ата заңда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі. Ата заң — мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуының, дамуының қайнар бастауы.

Еліміздің дамуындағы өзгерістер демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығу талпыныстарының бәрі Ата заң қағидалары негізінде жүзеге асырылуда.

Біздің Ата заңымыз әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып табылады. Сол себепті, уақыттың сынынан сүрінбей өтті, өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеді.

Дүниежүзінің ғалымдардың пікірі бойынша еліміздің Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 Конституцияның бірі болып саналады екен. Ол дегеніміз, Ата заңымыздың үлкен әлеуетін білдіреді.

Енді, тарихқа жүгінсек, 1993 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясы егемендік тарихындағы ең демократияшыл құжат болып табылған еді. Кейін арада екі жыл өткенде 1995 жылы қазіргі Негізгі заң — Конституция қабылданды. Осылайша, тәуелсіздік жылдары Қазақстанның мемлекеттігін айқындаған Ата заң екі қайтара түледі. Ресми мәліметтерге қарасақ, құжатты талқылауға 3 млн. 345 мың адам қатысыпты. Жұртшылық тарапынан сарапталған 31 мың 886 ұсыныс түссе, соның 1 мың 100-і конституция жобасына енгізілген. Бұл жөнінде Елбасы «Қазақстандық жол» атты кітабында: «1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да, кімде-кім еліміздің Негізгі заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек», — деген болатын.

Конституциямызда ең негізгі 4 ұстаным, яғни 4 негізгі принциптер алға тартылған, олар — қоғамдық келісім және саяси тұрақтылық, — экономикалық даму, — қазақстандық патриотизм, — маңызды мәселелерге референдум жасау және Парламентте дауыс беру арқылы шешу.

Қазіргі таңда, әрбір ел азаматының басты міндеті — Қазақстан Тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияны қатаң ұстану. Яғни, басты талап — Ата Заңымыз, Конституцияны құрметтеп қорғау, ал оның маңыздылығын жоғалтпай сақтау республикамыздың әрбір азаматының міндеті мен парызы болуы тиіс.

Қ.Төремұратов,

Сырым ауданы прокурорының

міндетін атқарушы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар