29.08.2017, 10:00
Қараулар: 451
Әділет генералы

Әділет генералы

05.29.08.17ХХ ғасыр басында еліміздің барлық өңірінде жаппай орын алған белсенді ұлт-азаттық қозғалысының екпініне араласқанға дейін Жаһанша Досмұхамедов патшалық сот органдарында қызмет атқарып, маңызды мемлекеттік іспен шұғылданған. Алғашқыда Орал аумақтық сотының жанындағы сот лауазымына үміткер ретінде қызмет атқарып, бітімгершілік соты және қылмыстық бөлім хатшысы көмекшісінің міндеттерін орындаған, 1912 жылдың жазында Барнауыл уезінің 10-учаскесінің бейбітшілік сотының міндеттемелерін орындау үшін іссапарға жолданып, кейін Омск сот палатасына аға үміткер ретінде ауыстырылды. 1913 жылы аталған лауазым бойынша Змеиногорск уезінің 1-учаскесіне ауыстырылып, 1913 жылдың күзінде Барнауыл қаласына «прокуратура органдарына көмекке» шақырылып, 1914 жылдың наурыз айында Каин уезі бойынша Томск округтік сотында прокурордың жолдасы (орынбасары) қызметіне тағайындалды. Томск округтік соты прокурорының жолдасы (орынбасары) міндетін атқарып жүріп, ол саяси айдалуды қадағалады және осы қызметте ол әділет генералы шенін иеленді.

Прокурор Н.Г.Красильниковтың қолы қойылған «Распределение участков товарищей Прокурора Томского Окружного суда» атты құжат сақталған. Бұл тізімге Ж.Досмұхамедовтың аты-жөні де енгізілген, құжатқа сәйкес ол 1914 жылы Каин уезі прокурорының жолдасы (орынбасары) болып тағайындалған. Прокурорлық учаскенің құрамына Каин түрмесі және Каин уезінің 3,6,7және 8 учаскелерінің бітімгер соттары енгізілген.

1915 жылғы «Памятная книга Томской губернии» атты кітапқа Томск губернаторының нұсқауымен губернияның көрнекті қайраткерлерінің аты-жөндері енгізілген. «Прокурорлық қадағалау» бөліміне Ж.Досмұхамедовтың да есімі енгізілген.

Ресей заңдарын терең білуі, адалдығы мен шынайылығы қазақ заңгеріне үлкен танымалдылық алып келді.

Ж.Досмұхамедовтың танымалдығы туралы өзінің Отанында да білді. Гурьевте (Атырау) атышулы сот процесі тағайындалған кезде танымал, белді заңгер Б.Қаратаев адвокат болуға өз келісімін беріп, прокурор ретінде заңдылықты қамтамасыз ету және мемлекеттік айыптауды қолдау үшін Томск қаласына Ж.Досмұхамедов үшін арнайы хабарлама жолданған.

«Алаш-Орда» таратылған соң 1927 жылдың қараша айына дейін Ж.Досмұхамедов Ташкент қаласында тұрған, Түркістан Халық комиссариатының әділет кеңесшісі болған, әділет Халық Комиссариатының жанындағы курсанттарға заң курстарынан сабақ берген, Халық комиссарлары Кеңесінің заңдарды жасау жөніндегі комиссиясының құрамында болған.

Ташкенттегі Ж.Досмұхамедовтың қызметі «Талап» — «қырғыз (қазақ) мәдениетінің жанашырлары қоғамдастығы» және Қазақ халық ағарту институтымен тығыз байланысты.

Ж.Досмұхамедов бұл қоғамдастықтың мүшесі болды. «Талап» қоғамында жұмыс жасай жүріп, оған Түркістан әділет Халық Комиссариатының өтінішімен, заңгер ретінде «РСФСР–дың қылмыстық кодексін» қазақ тіліне аудару тапсырылды. Ж.Досмұхамедов аударманы басқарды және 1924 жылы Ташкент қаласында тұңғыш рет Түркістан Республикасы ХКК-нің Арнайы Комиссиясының баспасымен «РСФСР–дың қылмыстық кодексінің» қазақ тіліндегі аудармасы «РСФСР-дың Жауыздық низамнамасы» деген атпен тұңғыш рет жарыққа шыққан. Кейін, 1926 жылы Ж.Досмұхамедовтың басшылығымен өзгерістер мен толықтырулардың да аудармалары жарияланды, біріншісі – «РСФСР-дың Қылмыс заңы», ал екіншісі – «Қылмыс тексеру заңы».

1927 жылдың қараша айы мен 1929 жылдың аралығында Ж.Досмұхамедов Қызылорда қаласында ауыл шаруашылығы банкінің заңи кеңесшісі ретінде қызмет атқарып, 1928 жылы адвокаттар алқасында адвокат қызметін атқарды.

1930 жылдың басы «Алаш» қозғалысының бұрынғы қатысушылары үшін қызметінің қайғылы аяқталуына, қамау, қудалау және Кеңес билігінің басшылығы тарапынан қуғындау шаралары біртіндеп «халық жауларын жоюға» ұштасты.

1930 жылдың 31 қазанында Мәскеу қаласындағы «Мал шаруашылығы» басқармасында аға экономист ретінде жұмыс жасау кезінде «Алаш» партиясы және бұрынғы алашорда үкіметінің мүшесі ретінде Қазақ КСР БСМБ (ОПГУ) органдарымен қамауға алынды. Мәскеуде, Замосквореченск ауданы, Шабловка-Хавский көшесі, 11 үй қиылысы, 265, 7-корпус мекен-жайында ұстап, Бутырка түрмесіне жолданды. Кейін Алматыға ауыстырылды.

Қазақстанда 1932 жылдың 20 сәуіріндегі БСМБ (ОГПУ) жанындағы Үштік (Тройка) отырысының           №3/к хаттамасынан үзіндіге сәйкес РСФКР Қылмыстық кодексінің 58-7, 58-10, 58-11 және 59-3 баптары бойынша Ж.Досмұхамедов сотталып, сот шешімімен 5 жыл мерзімге Воронеж қаласының Орталық қара жер округіне (ЦЧО) айдалды. Воронежде Жаһанша жұбайы Ольга Константинқызымен 9 қаңтар (қанды жексенбі) көшесінде тұрып, мамандығы бойынша қызмет атқарып, жоғары оқу орындарында сабақ берген.

Айдау мерзімін өтеген соң, Ж.Досмұхамедов 1938 жылдың 1 маусымында Мәскеу облысы бойынша КСРО ІІХК Басқармасының (НКВД) органдарымен қайтадан қамауға алынды. Қамауға алу кезінде отбасымен Мәскеу қаласы, Хавско-Шабловск қиылысы, 11 үй, 265 пәтерде тұрған.

Айыптау қорытындысына сәйкес Жаһанша Досмұхамедов «контрреволюциялық, ұлттық көтеріліс ұйымының басшыларының бірі, көтерілісшілер құрамына тартумен айналысу, адамдарды контрреволюциялық рухта тәрбиелеу», яғни РСФКР ҚК-нің 58 бабының 10 және 11 бөліктерімен қарастырылған қылмыстар үшін айыпталды.

1938 жылдың 16 шілдесіндегі Мәскеу облысы бойынша ІІХК Басқармасының (НКВД) жанындағы Үштіктің шешімімен Жаһанша Досмұхамедовтың жеке өзіне тиесілі мүлкі тәркіленіп, оны ату туралы үкім шығарылды. Үкім 1938 жылдың 3 тамызында іске асырылды.

Ж.Досмұхамедовты айыптау туралы қылмыстық іс 1957 жылдың 2 желтоқсанында Мәскеу Қалалық Сотының Президиумымен қайта қаралды. 1938 жылдың 16 шілдесіндегі Мәскеу облысы бойынша КСРО ІІХК (НКВД) Басқармасының жанындағы Үштіктің шешімі бұзылды, 1887 ж.т. Ж.Досмұхамедовке қатысты іс оның іс-әрекетінде қылмыс белгілерінің болмауына байланысты өндіріспен қысқартылды.

1958 жылдың 28 ақпанында Ж.Досмұхамедовты айыптау туралы қылмыстық іс Қазақ КСР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасымен қаралды, Республика прокурорының наразылығымен, Қазақстандағы бұрынғы БСМБ (ОГПУ) Үштіктің 1932 жылдың 20 сәуіріндегі қаулысы бұзылып, қылмыс белгілерінің болмауына байланысты іс өндіріспен қысқартылды.

«Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуiрдегi N2200 Заңының негізінде Жаһанша Досмұхамедов саяси қуғын-сүргiн құрбаны ретінде ақталды.

Сырым аудандық прокуратурасы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар